Коронавирустық инфекция: шекарада бақылау күшейтілді

Жарияланды
Санитарлық бас дәрігер алдын алу шаралары туралы мәлімет берді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметі мінберінен коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу үшін елімізде  атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді.

 «Біз шекарадағы бақылауды күшейттік. Ең алдымен Қытайдан келетін барлық адамдарды қашықтықтан термометрлік бақылау арттырылды. Алматыға Қытайдың бес қаласынан, Нұр-Сұлтанға үш қаласынан рейс ұшады. Олардың барлығы бақылауда, барлық өту орындарында: соның ішінде, темір жол, автомобиль жолы, темір жол, Қытаймен бүкіл шекара бойында санитарлық-карантиндік пункттер бар. Біз қазірдің өзінде Қытайдан келген 13 мыңнан астам жолаушыны тексердік, олардың арасында Қытайдан ауырып, қызуы көтеріліп келгендер жоқ»,– деді Бекшин.  

Сонымен қатар, әуежай, шекара және кеден қызметі қызметкерлері, бортсеріктер,экипаж құрамы, жолаушылар пойызы жолсеріктерінің арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оларға жолаушылардың денсаулық жағдайына мұқият назар аударуды және ауырған жолаушылар анықталған жағдайда, жауапты қызмет өкілдеріне хабарлау ұсынылған. 

Жандарбек Бекшин аурудың таралуының алдын алу мақсатында қолға алынған шаралардың ішінде туристік фирмалармен атарылып жатқан жұмысты да айтып өтті. Қытайға баратын барлық адамдарға инфекцияны жұқтырудың алдын алу бойынша түсіндірме жадынамалар таратылады.

Соңғы деректер бойынша, пневмонияның жаңа түрінен Қытайда 17 адам көз жұмды. Инфекция жұқтырғандардың саны 570-тен асқан, олардың 95-нің жаңдайы аса ауыр. Ал 5,8 мың адам карантинге орналастырылған.

 

Сондай-ақ оқыңыз