«Garage sale» дегеніміз не?

Жарияланды
Гараждық сатылымды қалайша дұрыс өткізу қажет?

«Garage sale» – сатылымның мұндай бірегей түрі АҚШ-та пайда болған. Америка қалаларының тұрғындары үшін бұл – олардың ұлттық ерекшелігіне айналған үлкен мереке. Мұндай сатылым сирек кездесетін және қажетті заттар сатып алғысы келетін адамдар үшін көптен күткен оқиға. Тауарлар гараждың сөрелеріне қойылады, осыдан оның «garage sales» атауы пайда болған. Бұл туралы Fingramota.kz сайты айтып берді.

Адамдар қажетсіз заттарын: киім-кешек пен аксессуарлардан бастап ыдыс-аяқ пен жиһаздарды өте арзан бағаға сатуға шығарады, сөйтіп олар үйлерін қажетсіз заттардан тазартып қана қоймай, біраз ақша да табады. Уақыт өте келе гараждық сатылым Америкадан тыс жерлерде таратылды.
Гараждық сатылым — бұл үйіңіздегі заттарыңызға тексеру жүргізу тәсілі ғана емес, сондай-ақ ақша табу көзі. Бұл әдістің басқа да атаулары бар – yard sale, tag sale, lawn sale, attic sale, moving sale немесе junk sale. Алайда, олардың барлығының негізі бір – ескі заттарға жаңа өмір беру.

Фин халқында жылына екі рет – мамыр және тамыз айларында көгалда немесе үйлердің ауласында «Тазалау күнін» өткізетін дәстүр бар. Мұндай шараларға, әдетте, арзан бағаға пайдалы зат сатып алғысы, сондай-ақ уақытын жақсы өткізгісі келетін көршілер ат салысады. Мұндай ақылға қонымды шопинг барлық тараптар үшін пайдалы. Адамдар азғана бағаға өзіне қажетсіз затты сатады, ал оның орнына шын мәнінде қажетті затқа ие болады. «Тазалау күнінің» финдер үшін экологиялық мақсаты бар – бұл кейбір заттарға екінші өмір бере отырып, өзінің шығыстары мен қалалардағы қоқыс санын азайту мүмкіндігі.

Бұл үрдіс бүкіл әлем бойынша күннен-күнге танымал болып келеді. Мысалы, ресейліктерде гараждық сатылымдардың бірнеше түрі бар: жалғыз (заттар бір қолдан сатылады); ауқымды – оған барлық ниет білдіргендер қатыса алады; қайырымдылық – түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады; тақырыптық – белгілі бір тауарларды: балалар киімі, қолдан жасалған бұйымдар, техника және т.б. сату. Қазақстанда да мұндай сатылымдар өткізіліп тұрады, алайда көп жағдайда қайырымдылық және тақырыптық сатылым түрлері кездеседі.

Гараждық сатылымды қалайша дұрыс өткізу қажет?

Мұндай сатылымды ұйымдастыру қиындық туғызбайды. Ол үшін Сізге:

Өз заттарыңызға: киім-кешек, аяқ киім, ойыншықтар, техника және пайдаланбайтын басқа да көптеген заттарға «рейд» жүргізу;
Сатқыңыз келген затты жөндеп, тазалау, яғни тауарлық түрге келтіру;
Заттың құнын ақылға қонымды шекте бағалау;
Тауардың толық сипаттамасын және жеткізу немесе өзі алып кету талаптары көрсетілген жарнама орналастыру қажет.

Гараждық сатылымда ең бастысы – бұл заттың тауарлық түрі мен ұқыптылық. Хабарландыру берген кезде міндетті түрде өнім туралы толық ақпарат беріңіз, егер кемшіліктер болса, оларды бірден белгілеңіз. Сатып алушылармен кері байланыста болыңыз. Тауарды сатқан кезде жеткізілуін кешіктірмеуге тырысыңыз. Сатып алушыдан тауардың жеткені жөнінде және оның риза болу-болмауын сұрауды ұмытпаңыз.

Сондай-ақ, Сіз OLX.kz, Market.kz, Sales, Slanet, Adiso, Avi және тағы басқалары сияқты хабарландыру сервистерін пайдалана аласыз. Алайда, қауіпсіздік туралы ұмытпаңыз, себебі интернет-сауда алаңдарында сату кезінде сатушы мен сатып алушының қарым-қатынасын ешкім бақыламайды, оны қаржылық алаяқтар пайдаланады.

Егер Сіз сатып алушы болсаңыз

Сізге қандай да бір зат ұнады және оны сатып алғыңыз келе ме? Онда мыналарға назар аударыңыз:

Тауардың сипаттамасы. Ол туралы ақпарат толық және жан-жақты болуға тиіс. Ақаулар, бұрын пайдаланылған немесе жаңа тауар ма, өлшемдері және т.б. көрсетілген бе;

Орналасқан жері. Тауарды алып кету сізге ыңғайлы ма, есептеңіз, әлде жеткізіп беретін болса, қанша уақыт күту керек екенін біліңіз;

Төлеу әдістері. Онлайн төлеу мүмкіндігінің бар-жоғын немесе тауарды алған кезде қолма-қол ақшамен төлеуге болатындығын біліңіз. Сатушы алдын-ала төлем жасауды талап ете ме;

Тауарды айырбастауға немесе қайтаруға бола ма? Бұл туралы төлем жасамас бұрын бірден келісіп, біліп алғаныңыз жөн;

Пікірлерді оқыңыз. Көптеген сатып алушылар белгілі бір сатушы немесе тауар жөнінде пікірлерін жазады. Егер сатушы жөнінде жағымсыз пікірлер көп болса, онда мұндай тауарды сатып алу қажет пе, жоқ па, соны ойланыңыз.

 

Сондай-ақ оқыңыз