Германия халқының өсімі 10 жылда алғаш рет тоқтады

Жарияланды
Қоныс аударушылар ағынының төмендеуімен және өлім санының көбеюі әсер етті

Германия Федералды Статистикалық Басқармасы (Destatis) жариялаған деректер елде 2011 жылдан бері бірінші рет халық өсімі болмағанын көрсетті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

Дестатистің мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта елде 83,2 миллион тұрғын бар. Статистиктер мұны коронавирустық пандемияға байланысты Германияға қоныс аударушылар ағынының 2020 жылдың бірінші жартысында төмендеуімен және өлім санының көбеюімен түсіндірді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, 2020 жылы туылғандар саны алдыңғы жылмен (775 мың) салыстырғанда сәл төмендеді (755 мың), ал қайтыс болғандар саны айтарлықтай өсті (980 мың).

Destatis Германияға таза көші-қон жылына 180,000-ден 240,000-ға дейін жетеді деп есептейді. Халықтың ең көп өсуі 2015 жылдың екінші жартысында көші-қон дағдарысының шарықтау кезеңінде тіркелгенін атап өткен жөн – сол кезде Германия тұрғындарының саны 717 мың адамға артты.

Статистика көрсеткендей, тек 2020 жылдың қыркүйегіне қарай иммигранттар саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға, ал эмигранттар саны 22 пайызға азайған.

Бұған дейін Германия канцлері Ангела Меркель ел тұрғындарының 70 пайызы коронавирусты жұқтыруы мүмкін екенін айтқан.

 

Сондай-ақ оқыңыз