Мұнай бағасының төмендеуінен ұлттық қордың активтері құлдырап кеткен

Жарияланды
Ковид те жығылғанға жұдырық болды

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Ұлттық қордың динамикасы және оның активтерінің мөлшеріне әсер ететін факторлар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

Алдын ала деректерге қарағанда, Ұлттық қордың валюталық активтері ай қорытындысында 1,4 млрд долларға төмендеп, қыркүйектің соңында 57,3 млрд доллар болған. «Қыркүйекте 230 млрд теңге сомада бюджетке кепілді трансферттерді бөлу бойынша міндеттемелерді орындау үшін Ұлттық қордың валюталық активтерін шамамен 551 млн доллар сомада сату Ұлттық қоры мөлшерінің төмендеу себебінің бірі болды», – дейді Әлия Молдабекова.

Оның айтуынша, мұнайдың салыстырмалы түрде төмен бағасының сақталуы себебінен валюталық түсім 43 млн доллар ғана болды. «Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және короновирустан жақын арада вакцина пайда болуы жөніндегі позитивтік күтулер аясында жетекші әлемдік индекстер пандемия басталғанға дейінгі мәндерге қайта оралды. Нәтижесінде, тамыздың соңындағы жағдай бойынша жыл басынан бері Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 2,3 млрд АҚШ доллары, ал оның кірістілігі 4,2%-ға жуық болды.

Алайда, COVID-19 екінші рет қайталануы жөнінде қауіптену қыркүйекте нарықты тағы да төмендетті, MSCI дамыған елдерінің ауқымды акциялар нарығының индексі 3,6%-ға азайды. АҚШ долларының нығаюына байланысты ауқымды мемлекеттік облигациялар портфелінің теріс кірістілігі 0,68% көрсетті»,– деп атап өтті ол. Мұның салдарынан Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қыркүйекте теріс болды (-850 млн доллар). Қордың жалпы инвестициялық кірісі жыл басынан бастап оң болып қала береді және шамамен 1,5 млрд долларды құрайды.
 

Сондай-ақ оқыңыз