Big Data-талдау енетін салалар

Жарияланды
«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің авторлық бағаны

Біздің компания тура бір жыл бұрын, 2020 жылдың ақпанында «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы»  атты  халықаралық форумда Алматы қаласының деректерін 3D-карта көмегімен визуалдау  Big Data платформасын таныстырды. Сол кезде бірнеше айдан кейін мегаполис билігі осындай құралға мұқтаж болар деген ой кіріп шықпапты.

 Айта кетейін, екі ұялы оператор – «Кселл» мен  «Теле2» «Қазақтелеком» қанаты  астына кіргелі бері,  абоненттердің күні бойы  қайда жүріп-тұрғаны жайлы  иесіз мәліметтердің  үлкен ауқымын жинақтауға мүмкіндік алдық. 
Big Data аналитикалық платформасы арқылы жіберілген осы деректің бәрі қалалық әкімшілікке көлік артерияларының, білім және медицина  мекемелерінің жүктемесін нақты айқындауға және осы жүктемені бөлуді тиімді басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік берді.

Жүйеге қосымша мәлімет енгізу кезінде Алматының белгілі бір ауданындағы жасыл желек саны мен ауа сапасын салыстыруға болады. Сонымен қатар, барлық деректер жүйеге автоматты түрде және онлайн режимінде енгізілді, бұл шешім қабылдауға кететін уақытты азайтып, тиімдірек етті. Ол кезде бұл жүйенің негізгі мақсаты  қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, сондай-ақ қала бюджетін ұтымды пайдалануға ықпал ету болатын.

 Дегенмен былтыр  біздің істеген жұмыс алматылық дәрігерлер үшін де аса  маңызды болды – жүйе ірі қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың дамуын қадағалауға және ден қоюға мүмкіндік беретін Big Data-аналитика геолокациялық құралына айналды. Қатаң карантин шаралары кезеңінде жүйе алматылықтар арасында ең танымал, адамдар көп жиналатын орындарды анықтауға, сондай-ақ медицина мекемелеріне шалынған қоңырау саны бойынша қаладағы инфекция жұқтыру ошақтарын анықтауға көмектесті.

Нәтижесінде қала билігі адами ресурсын оңтайлы бөліп, сонымен қатар қажетті аймақтардағы медициналық мекемелерде жеткілікті төсек-орын дайындап үлгерді. Бұдан бөлек, Алматы сырқаттанғандар статистикасы нақты  көрсетілген аймақтың біріне айналды, өйткені Талдамалық платформа үлкен көлемдегі деректерді лезде өңдеуге, сырқаттанғандар жайындағы нақты және дәл статистика жүргізуге, соған сәйкес ауру ауқымын бағалау мен қажетті шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде былтыр наурыз айында ел  астанасымен  қатар қатаң карантин енгізілген мегаполис қазір коронавирус бойынша «жасыл» аймақ қатарында тұр.  Былтыр наурыз айында  Алматы қаласы Нұр-Сұлтан мен Қарағандымен қатар шетелден келетін  жолаушылар түсетін «әуе қақпасы» болған. Яғни, коронавирус инфекциясының таралу қаупі басқа аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары еді.

Елде коронавирус инфекциясының таралуын тежеуде дәрігерлердің еңбегі зор екені белгілі. Бір жыл бұрын біздің компания әзірлеген аналитикалық жүйе олардың көмекші құралына айналғанына қуаныштымыз. Сондай-ақ, Big Data-аналитика құралы айтарлықтай икемді және өзін түрлі міндеттер мен түрлі бағыттарға бейімдеуге мүмкіндік беретіні анық. Қазір, мысалы, 5 ақпанда Digital Almaty-2021 форумында біз бақылау-касса машиналарының чек транзакциялары базасында бизнес пен әкімшілік аудандардың экономикалық белсенділігін талдау жүйесін таныстыратын боламыз.

Big Data-платформасының аналитикалық нұсқасы 70 мыңға жуық ұйымда жасалған транзакциялар  жайындағы деректер негізінде қаланың экономикалық портретін қалыптастыруға, белгілі бір аудандағы ақша айналымын, нақты сауда нүктелеріндегі сату санын бағалауға мүмкіндік береді. Бұл бірінші кезекте  салық органдарын қызықтыратыны түсінікті, бірақ  осы есептеулер бизнес үшін де пайдалы – жүйе сауда жақсы жүретін жерлерді анықтауға, сондай-ақ сатып алу белсенділігі шарықтау шегіне жететін уақытты есептеуге мүмкіндік береді.

 Нәтижесінде  нақты өнімнің сатылымындағы ең жоғары мәндерін есептей аласыз және осы уақытта  сөренің бос тұрмауын қадағалай аласыз. Яғни, бұл деректерді иелене отырып, бизнес өз ресурсын ұтымды пайдаланады, кірісін көбейтеді. Бұл ретте мемлекетке тиесілі барлық салықтарды толық төлеуін де жүйе қамтамасыз етеді. Әрине,  еліміздің телекоммуникация нарығындағы ең ірі ойыншы ретінде бұл мүмкіндіктің тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де қол жетімді болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

 Айта кетейік былтыр «Қазақтелеком» Қазақстанның 828 ауылындағы 14,5 мың шақырым оптика құрылысын аяқтады.  Соның нәтижесінде осы ауылдардағы  1900 мектеп пен 2,5 мың мемлекеттік орган жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді. Енді біздің ізімізбен «Кселл» және «Теле2» компаниялар тобының ұялы операторлары жүріп келеді, олар «250+» жобасы  аясында еліміздің мыңдаған ауылын кең жолақты сымсыз  интернетпен қамтамасыз ету үшін станциялар желісін кеңейтіп жатыр.

Нәтижесінде осы ауылдардың 600 мыңнан астам тұрғыны жоғары жылдамдықты мобильді интернет пен ұялы байланысқа қол жеткізе алады.  Бұның бәрі, тұтастай алғанда, өңірлерде мобильді қаржылық қызмет пен электрондық коммерцияны дамыту үшін триггер, сондай-ақ ауыл шаруашылығында интернет технологияларын қолдануғы негіз бола отырып, ауылдың экономикалық дамуына оң әсер етеді.  Ауылдық жерде жылдамдығы жоғары интернет үйреншікті зат болған кезде, мен Big Data-аналитика платформалары сол жерде де қолданысқа  енетініне еш күмәнім жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз