ERG компаниясы Павлодар облысына 3 млрд теңге бөледі

Жарияланды
Бұл қаржы екіжақты келісім аясында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады

Павлодар облысы әкімдігі мен Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG) өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. 

Екіжақты құжатқа сәйкес, Еуразиялық Топ аймақтағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 2,9 млрд теңге бөледі. Бұл сома білім беру, қоғамдық көлік пен коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты цифрландыру жобаларына, Екібастұз қаласында біліктілік орталығын ашу мен Ақсу кентінде жылу алмастыру қондырғыларын орнатуға жұмсалмақ. Сондай-ақ, қаражаттың бір бөлігі жергілікті футболды дамытуға бағытталады. 

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов ERG компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі зор екенін атап өтті. 

«ERG соңғы 8 жыл ішінде аймағымызға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Сол арқылы өңірде көптеген әлеуметтік нысан жөнделіп, жаңадан салынып, ел игілігі үшін қызмет көрсетуде» – деді Әбілқайыр Сқақов. 

Өз кезегінде компанияның директорлар кеңесінің басшысы Александр Машкевич заманауи жобалар әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға оң серпін береріне сенім білдірді. 

Айта кетелік, Еуразиялық Топ 2018 жылы Павлодар облысының дамуына 3,7 млрд теңге, былтыр 3 млрд теңге бөлген еді. Бұл қаржыға инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар жөнделіп, ірі мәдени-спорттық нысандар салынды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз