Онлайн кассалық аппарат: салық органдарына дерек жеткізу тегін болуы тиіс

Себебін «Учет.kz» сарапшысы түсіндіріп береді

Фото: Shutterstock

2020 жылғы 1-қаңтарға дейін Қазақстанның барлық кәсіпкерлері өздерінің кассалық бақылау машиналарындағы деректерді салық органдарына бірден жіберіп отыруға көшуі тиіс. 

Айта кетейік, 2019 жылдың басынан бері салық органдарына тек онлайн, яғни деректерді бірден жіберу мүмкіндігі бар кассалық аппараттар ғана тіркеледі. Мұндай аппараттың әдеттегі құрылғыдан айырмашылығы, ол соғылған чек туралы ақпаратты бірден оператор серверіне жеткізеді. Оны салық инспекторлары бақылап отыра алады.

2015 жылдан бері заңнама біртіндеп кәсіпкерлердің жай кассалық бақылау машиналарын онлайн КБМ-ға ауыстыруын міндеттеп жатыр. Кассалық аппараттарды сандық жүйеге өткізудің тағы бір кезеңінің кезегі биыл 1-қазанда келді: бұл күні ҚР Қаржы министрлігінің 2018 жылғы 16-ақпандағы №206 бұйрығы өз күшіне енді. Осы қаулыға сәйкес, онлайн касалық аппараттар жалға беру, кен қазу, білім беру,  өсімдік және мал шаруашылығы, ойын-сауық орындары, телевидение, туризм, жеткізу қызметі, өндіріс сынды салаларда міндетті түрде қолданылу керек. 1-қазаннан бері тағы 224 қызмет түрлерін көрсететін компаниялар онлайн кассалық бақылау аппараттарын орнатуы тиіс.

Биліктің байламы бойынша, бақылау кассасын енгізу қолма-қол есеп айырысуды нақты уақыт режимінде қашықтықтан бақылауды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта салық қызметкерлері есеп беру мерзімін күтпей-ақ, кәсіпкердің табысы мен ол декларациялайтын кірісін үнемі салыстырып отырады. Деректерді жіберу  функциясы бар КБМ енгізудің арқасында, кәсіпкерлердің  кірісін азайтып көрсету немесе жасырып қалуының алдын алып, қазынаға түсетін салықтың көлемін арттыруға болады. Дәл осындай кассалық аппараттарды орнатудың арқасында бюджетке қосымша 14,1 млрд теңге түсіпті.

16-тамызда ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев осы кезде   470 341 КБМ тіркелгенін, оның ішінде, 320 903 – онлайн-КБМ, яғни онлайн-кассалық аппаратпен қамтылу деңгейі 70,3%-ға жеткен деген дерек келтіріп өткен еді.

Ал енді 2020 жылғы 1-қаңтардан тек онлайн КБ-мен жұмыс істеуі тиіс өзге де кәсіпкерлер, негізінен шағын бинес өкілдері, шаруа қожалықтары жыл соңына дейін онлайн аппараттарды орнатып үлгеруі керек. Мұндай салық төлеушілердің жалпы саны 400 мыңға жетіп қалады. Соның ішінде, тек 15 пайызы ғана онлайн кассалық аппарат орнатқан.  

Сонымен қатар, 2020 жылдан патент негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге де, бірыңғай жер салығын төлеушілерге де деректерді жіберу функциясы бар КБМ орнату міндеттелмек. Ал мұндай кәсіпкерлердің қатары  – 500 мың шамасында. Яғни,  келер жылдың басында, ең аз дегенде, 1 млн касса тіркелуі тиіс. Қазіргі кезде есепте тұрған онлайн-кассалардың саны – 490 мың.

Деректерді жеткізу функциясы бар аппаратты сатып алудан бөлек, кәсіпкерлер Салық деректері операторына деректерді Мемлекеттік кірістер Департаментіне жеткізгені және серверде сақтағаны үшін ай сайын 1500 теңге төлеп отыруы тиіс. Мұндай төлемнің қажеттілігін деректердің қауіпсіз, қорғалған канал арқылы өтетінімен түсіндіреді. Алайда СОНО бағдарламасы немесе салық төлеушінің жеке кабинеті, Электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйесі арқылы жіберілетін деректер үшін ешқандай төлем төлемейсіз.  Ендеше, онлайн кассалық аппарат арқылы жіберілетін деректерге қосымша қорғаныс қаншалықты қажет? Әлде бұл жеке компанияның қалтасын қампайтудың амалы ма?

Осылайша, КБМ орнату мен оған әрі қарай қызмет көрсету құны айналып келіп, салық төлеушінің қалтасына салмақ түсіретінін байқап отырмыз. Әрине, 1500 теңге аса көп ақша болмаса да, осы ақшаны төлемей қалғаны үшін кәсіпкердің алдынан шығатын проблема жүз мыңға татиды. Егер төлем 72 сағат ішінде жасалмаса, касса аппараты бұғатталып қалады. Мұндай қиындыққа, көбінесе, шағын компаниялар мен жеке кәсіпкерлер тап келеді. Өйткені, олар аталмыш аппараттарды қолдану талаптарын үнемі назарда ұстай бермейді.

Ал кәсіпкерлер, көбінесе, касса аппараты не үшін бұғатталып қалғанын, бұл мәселені шешу жолын білмей жатады. Осы мәселені шешеміз деп жүргенде, салықты дер кезінде төлемегені үшін айыппұл арқалауы да мүмкін. Оған қоса, жұмыс істемей тұрған аппарат кәсіпкердің тауарды чексіз-ақ сатуына жағдай туғызады. Кейбірі оны кейін жіберетін де шығар, ал кейбірі чек соқпай-ақ қоя салады. Нәтижесінде, бизнестің кірісі қалтасына кетіп, көлеңкелі экономиканың өркендеуіне үлес қосады.

Ал біздің мақсатымыз не еді? Дұрыс, экономиканы көлеңкеден шығару, сондықтан салық төлеушіге аз да болса көмек көрсетіп, бұл талапты алып тастап, Салық деректері операторының қызметін тегін қылуды ұсынамын.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif