Қазақстандық кондитерлердің өмірі неге «тәтті» емес?

Неліктен отандық кондитерлердің өндірісі құлдырап барады, неге нарықта көңілге демеу боларлық өзгеріс жоқ?

Фото: Офелия Жакаева

Қазақстандық кондитерлердің өндірісі күннен-күнге төмендеп барады. Жергілікті нарықтан оларды шетелдік өнім ығыстырып жатыр: импорттың құны арзан, ал сапасы нашар. Ал экспортқа шығайын десе, тауарлық белгілерді қолдануға қатысты қалыптасқан  күрделі жағдай қолбайлау. 

Нарықтағы жағдай қандай? 

Өткен жыл қазақстандық кондитерлер үшін оңай болған жоқ. Сырттан тасымалданатын тауар көлемі артуы салдарынан, отандық кондитер өнімінің сатылымы төмендеп кетті. Импорт бірден 25 пайызға артып, нарықтың 57-58 пайызын құрады. Басты себеп – шетелдік тәттілердің арзандығы мен ресейлік өндірушілердің демпингі.  


Қазақстанға былтыр жалпы алғанда, 170 мың тонна кондитер өнімдері тасымалданса, соның 140-150 мың тоннасы – Ресейден, 20 тоннасы Украинадан әкелінген. Бұл жолы украиндік импорт көлемі 5 пайызға азайып кетті, – дейді «Қазақстан кондитерлер қауымдастығының» президенті Әлихан Талғатбек. 
Оның айтуынша, бұл үрдіс  2019 жылдың алғашқы айларында да сақталуда, қазақстандық өндірушілердің өндірісі төмендеп, нарықта көңілге медеу боларлық еш өзгеріс жоқ. Оның үстіне, қантқа қатысты жағдай да  қиындап тұр. 

 «Былтыр бізге мемлекет қолдау көрсеткен, бірақ қант күннен-күнге қымбаттап барады. Қазір қанттың 1 келісі 230 теңге тұрады, ал былтыр жаздағы бағасы 185 теңге еді. Негізгі шикізаттың бұлайша қымбаттауы кондитерлердің қалтасына қатты салмақ салады. Сәйкесінше, кондитерлік өнім құны көтеріледі. Сатып алу қабілеті төмендеген сайын, адамдар азан тауарға жүгіреді. Кондитерлік сала ел экономикасының индикаторы секілді, сондықтан бірден бисквит өнімдерінің үлесі артты. Импорттық өнімдерге келер болсақ, оның басым бөлігін бисквит өнімдері мен печенье құрайды. 160-170 мың тонна импорттың 100 мыңы – бисквит пен печенье, – дейді сарапшы. 

«Рахат» АҚ Басқарма төрағасы Константин Федорец келтірген деректерге сүйенсек, бисквит өнімдерінің (печеньенің барлық түрі, крекер, вафли мен орама нан)  көлемі – 3%-ға, ал құны – 11 пайызға өскен. 

–Дағдарыс ең алдымен тәттілердің ішіндегі қымбатына әсер етеді, өйткені тұтынушы ең бірінші солардан бас тартады. Бисквитке жататын тәтті тағамдардың құны тағы 7 пайызға қымбаттады. Ең арзан печеньенің өзі балалардың таңғы асына айналды. Бұл нарықтың өзгелермен салыстырғанда болашағы да зор. Euromonitor International деректеріне сүйенсек, карамель мен конфет, шоколад нарығы алдағы 5 жылда 5 пайызға өссе, бисквиттің көлемі 10 пайызға артуы мүмкін, – дейді  Константин Федорец.

DSC05911.JPG

Шоколад өнімдерінің құны 8 пайызға қымбаттаған. Кәмпит бағасы 1-9 пайыз аралығында өсім көрсеткен. 

Nielsen компаниясы Қазақстанның кондитер өнімдері нарығы мен нарық өкілдері туралы жан-жақты сараптама жасапты.

Тауарлық белгі неге маңызды?

Қазақстандық өндірушілер былтыр негізінен Қытай мен Кавказға, Ресейге тасымалданатын экспорт көлемін 20 пайызға арттырған. Шетелге тасымалданған өнім 35 мың тоннаны құрапты. Алайда қазақстандық кондитер өнімдерін Ресей нарығына шығарудың өз қиындығы бар. 

–Тауарлық белгі – өте қиын мәселе. Ресейде бірлескен кондитерлер кеңес заманынан келе жатқан тауарлық белгілерді тіркеп алған. Ал біз Қазақстан кондитерлер қауымдастығы тарапынан тіркеттік. Отандық өндірушілердің барлығы осы тауар белгілерін пайдаланып, өнім шығара алады. Ал Ресейде бұл құқыққа бірлескен кондитерлер ғана ие, қалғандары (соның ішінде экспортерлер де бар) бір тауарлық белгіні пайдаланғаны үшін ақша төлеуі керек. Оның үстіне ресейліктер бұндай сәтті  қалт жібермей бақылап отырады. Осылайша қазақстандық кондитерлер тауарлық белгісі сәйкес келетін өнімдерін Ресей нарығына шығара алмайды, – дейді Әлихан Талғатбек. 

Оның бұл пікірімен «Рахат» АҚ басқарма төрағасы да келіседі, Ресей өндірушілері қазақстандық брендтің РФ нарығына шығуына қолдан келгенше кедергі жасап бағуда. 

«Кедендік Одақ жағдайында да Ресей «күш қолданғанды» жөн көреді... Бізді кешке дейін тауарлық белгі бойынша дау-дамайға тартады да отырады.. Айталық «Зайка-зазнайка» «Зайкаға» ұқсас, ал «Зеленый кузнечик»  «Кузнечиктен» айнымайды, «Рачки» болса – «Ракушка-завитушканың» бір түрі. Нәтижесінде ресейліктер аузын аша алмайтын тек қазақша атаулар ғана қалады. Шексіз былықтың шегі болмай тұр, біз үнемі айтысып-тартысып келеміз. Біз дауласып жүргенде, көрші елдің билігі «Рахаттың» барлық өніміне тыйым салып, дүкен иелері бізбен ары қарай серіктес болғысы келмей, күмәнданып қалады», – деп тұжырымдайды Константин Федорец. 

Кондитердің айтуынша, ресейлік әріптестерімен өздері келісімге келуге де талпынған, бұған дейін компаниялар өз арасында жауласпау туралы сөз байласса, акционерлер ауысқаннан кейін, оның күші жойылған. Соның салдарынан былтыр «Рахаттың» Ресейге экспорты 2 пайызға төмендеп кеткен. 
Жағдайдың тұрақтануына ықпал ететін  шараның бірі – қазақстандық тараптың бақылауды күшейтуі. 

–Біз де тауарлық белгі бойынша сәйкес келетін тауарлардың Қазақстан нарығына шығуын шектеп жатырмыз. Бұл шараның нәтижесі бар. Кеден бекетінде қандай тауарлық белгілер Қазақстанға тиесілі екені туралы ақпарат ілінген, соған қарап білуге болады. Алайда бір-біріне ұқсайтын тауарлық белгілер де кездеседі, айталық, «Мишка на севере» немесе «Мишутка на севере» секілді. Соларға қатысты талас туындайды. Қолдан келгенше ондайдаларды жібермеуге тырысып жатымыз. Алайда импорт нөпірін тек кеденнің арқасында тежеп отырмыз, оған мемлекеттік тұрғыда қатаң бақылау қажет», – деп түйіндейді Әлихат Талғатбек. 

Әзірге Ресейдегі жағдай әлдеқайда жақсы. Константин Федорец біздің биліктің де «ортақ нарықтағы достың» кедендік тәртіпті сақтауын қатаң бақылауға алғанын қалайды. 

–Біз тауарлық белгі бойынша жұмысты жалғастыра береміз, бірақ Ресей кондитерлері заңгерлерінің қолы ұзын, барлық жерге, тіпті Германия мен Беларуссияға да жетеді. Менің ойымша, бұл ақшаны желге шашу, өйткені «Рахаттың» Ресей кондитер нарығындағы үлесі 1 пайызға да жетпейді. Оларға бізбен емес, басқаларымен күресу керек. Дегенмен, өзгені емес, әлсіздерді жағадан алып жатыр, біз онымен бетпе-бет келдік, – дейді маман.

DSC05957.JPG

Кедендік бақылау

Тағы бір түйткілді мәселе – импортталатын өнім сапасын бақылаудың жоқтығы. 

«Қазақстанға құрамында трансмайлары көп өнім тасымалдануда. Осы орайда біз қатаң бақылау мен қайта тексеруді ұсынамыз. Қазір қазақстандық зертханаларда импорттық өнімдерді зерттеп, олардың құрамында трансмайдың үлесі жоғары екенін анықтады. Германияға тура сондай зерттеуге тапсырыс бердік, ол жақтан ресми қорытындыны күтіп отырмыз. Сапасы нашар, арзан шикізатты пайдаланатындықтан, импорттық тауарлардың құны төмен, соның арқасында бәсекеге қабілетті болып тұр», – дейді Әлихан Талғатбек. 

Ал қазақстандық өндірушілер экспортқа өнім шығарғанда, ол жан-жақты тексеруден өтіп, тіпті өнім технологиясы туралы да ақпарат беру талап етіледі. 

–Бізде бәріне бәрібір ғой, сертификаты болса, кеденнен өткізе береді. Отандық өндірушілердің түгін қоймай тексергенімен, шетелдіктерді олай тексермейді, не әкеліп жатқандары да түсініксіз, – дейді қауымдастық төрағасы. 

Ал Константин Федорецтің пайымдауынша, барлығына бірдей жағдай жасап, жергілікті нарықты сапасыз тауардан тазалау үшін, шетелдік өндірушілердің өнімдерін мемлекеттік деңгейде тексеру керек.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif