Ұрланған тауарға ұрынбас үшін не істеу керек?

Жарияланды
Үнемдеймін деп жүріп, үйдей бәлеге қалмаңыз

Елде төтенше жағдай болып жатқан кезде ұрылар банк, супермаркет, электронды тауарлар сататын дүкендерді тонап, шығынға ұшыратты. Қирап, босап қалған сөрелердің суреттері таралғаннан кейін көп ұзамай хабарландыру беруге арналған сервистерде тауарын сатуға қойған қолданушылар да көбейіп кетті. Желіде көпшілігі сол тауарлардың ұрланған болып шығуы мүмкін екенін жарысып жазып жатыр. Осы орайда оқырмандарға ұрланған тауарға ұрынып қалмау жолдарын, оның сізге қандай зияны болуы мүмкін екенін және ондай тауарды сатып алып қойған жағдайда ендігі іс-әрекеттің қандай болғаны жөн екені жөнінде нұсқаулық әзірледік. 

Әлеуметтік желіде таралған бейнероликтерден түрі көрініп қалған ұрлықшылардың суреттері де біртіндеп салынып жатыр. Яғни бақылау бейнекамерасына түсіп қалғандары да, әуесқой түсірілімнен бет-әлпеті көрінгендері бар біртіндеп жариялануда. Бір қызығы, хабарландыру сайттары мен мобайл қосымшаларында түпнұсқадағы тауарды біршама арзан бағаға салып қойып жатқандар көп. Ішінде тауардың түбіртегі, ресми кепілдік талоны бар деп жатқандар да бар. Сондықтан бәрі бірдей төтенше жағдай кезінде ұрланған деп ойламаңыз. Десе де, дәл сол ұрланған тауар сізге тап болып қалмас үшін мыналарды есте ұстаңыз. 

Электронды тауарларға қатысты айтар болсақ, әр техниканың сериялық нөмірі болады. Бөлшек саудада әр тауар есепке сол нөмірі бойынша алынады. Сондықтан хабарландыру сервистері не қолдан техника аларда алдымен құжатын, тауар сапасының сертификатын, фискалды түбіртегін сұратыңыз. Себебі осы құжаттарды көрсете алса, демек ол тауар расында сатып алынған, заңды деген сөз. Сонымен бірге тауармен бірге берілетін барлық құжатты ол көрсетуге міндетті. Ал енді ол құжаттар жоқ болып шықса, сату-сатып алу туралы келісімшарт жасауға болады.

Қазақстанның Азаматтық кодексі 406-бабының 1-бөліміне сәйкес, сату-сатып алу туралы келісімшарт жасаған кезде сатушы тарап сатып алушы тарапқа меншікке беретінін, сатып алған адам белгілі бір бағаға сатып алып жатқанын растайды. Өкінішке қарай, телефон сатып алып жатқанның бәрі бұлай құжат жүзінде жасасып жатпайды. Дегенмен осындай әдіс барын біліп жүріңіз. Одан бөлек, сатушыға қолхат жаздырып алсаңыз болады. Яғни ол жерде сатушы тауарды сатып жатқанын, сапасы мен бағасын көрсетіп, қолмен жазуы керек. Қазіргідей ұрлық көбейген заманда сатушының әлгі жариялаған хабарландыруын, телефон нөмірін, хат жазыссаңыз мәтінін, сөйлессеңіз аудиожазбаны сақтаған жөн. Себебі күндердің күнінде қолыңыздағы сатып алған затыңыз ұрланған болып шықса, соттасу қажет болады. Мұндай дәлелдер болмаса, сатып алған ақшаңызды қайтармағанына қоймай, тауарды тартып алуы да ықтимал. Қылмыстық жолмен алынған тауарды ұстап жүрген сатып алушы да қылмыстық іске қатысушы ретінде қарастырылуы мүмкін болғандықтан, сатушымен сөйлескеніңіз, оның хабарландыруы мен қолхаты дәлел болады. 

Айтқандай, тауардың ұрланғаны дәлелденсе, полиция оны алып қойып, қылмыстық істің материалдарына заттай айғақ қылып қоса алады. Ал одан кейін не болатынын сот шешеді. Көбіне сот тауарды ең басында иесі кім болса, соған қайтаруға шешім қабылдайды. Мұндай жағдайда сол сатқан адам сатып алған адамға материалдық шығынын өтеп беруі керек. Азаматтық кодекстің 414-бабына сәйкес, тауарды тәркілеген кезде сатып алушы ол заттың ұрланғанын білмеген болса, шығынын өтуге міндетті. Электронды техника дүкендері бірінен-соң бірі ұрланған тауар болып шығы мүмкін екенін ескертіп жатыр.

Мысалы Technodom Operato АҚ Алматыдағы ұрлық-қарлықтан кейін әлеуметтік желіде өте арзан бағаға қойылған тауарларды сататынын көрсеткен хабарландыру өте көбейгенін айтып, ондай затқа әуес болмауға шақырды.

«Үнемдеу мақсатында қолдан тауар алсаңыз, кейін басыңыз бәлеге қалуы мүмкін. Себебі кепілдіктің болмауы, қайтара алмайтыныңыз, алаяқтық және ең маңыздысы, тауардың құқық қорғау органдары тарапынан тәркіленуі мүмкін екенін ескеріңіз. Ондай жағдайда сізді тергеу барысында куәгер ретінде сұрақтыі астына алуы да мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік үшін ондай хабарландыруларға ермей, ресми дүкендерден алған жөн» деген еді компаниядағылар.  

OLX электронды хабарландырулар порталы да қазір модерацияны күшейтіп жатыр.

«Сервисіміздің ауқымы кең болғандықтан, ішінде ұрланған тауарлар болуы әбден мүмкін. Десе де, қазіргі заңнамаға сәйкес, жедел іздестіру қызметі органдарымен үнемі тығыз байланыстамыз. Портал қолданушыларына өз қауіпсіздіктері үшін сатып алушыдан түбіртек, чек, келісімшарт сұрауды ескертеміз. Сонымен бірге егер күдікті хабарландыруларды көзіңіз шалып қалса, бізбен байланысуға болады. Ал алған тауарыңыз ұрланған болуы мүмкін деген күдіктенсеңіз, жергілікті полиция бөлімшесіне барып, барлық мәліметті беруге кеңес береміз».

Бүгінгі таңда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Beeline және Kcell компанияларымен бірлесе отырып, жаңа сервис жасауды қолға алған. Яғни электроника және тұрмыстық техника категориясындағы әр тауардың статусын тексеруге мүмкіндік беретін сервис жасалу үстінде. Ұялы телефондардың бәрінің IMEI кодтарының базасы бар. Одан бөлек, үйге арналған тұрмыстық тауарлар, теледидарлар, ноутбуктер мен компьютерлер және т.б да сериялық нөмірлері бар.   

Сондай-ақ оқыңыз