ШҚО-да ХҚО-дан құжаттарды үйге жеткізу қызметі қолжетімді

Жарияланды
Бұл қызмет Қазақстанның барлық өңірлерінде іске қосылады

«Азаматтарға арналған үкімет» дайын құжаттарды үйге дейін жеткізу қызметін іске қосты. Енді шығысқазақстандықтарға дайын құжаттарын алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ, курьер үй болсын, кеңсе болсын, белгіленген жерге жеткізіп береді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Енді Өскемен және Семей қалаларының тұрғындары жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу бойынша құжаттарға, жер учаскелеріне актілерге, апостильденген білім туралы құжаттарға, мұрағаттық анықтамаларға, әскери билеттердің телнұсқаларына және басқа да дайын құжаттарға, барлығы екі жүзге жуық мемлекеттік қызмет түрі бойынша тапсырыс бере алады.

Бұрын тапсырыс берілген құжат дайын болған сәтте клиент жеткізу сервисін пайдалану ұсынысымен SMS-хабарлама алады. Келіскен жағдайда клиент жеке сілтеме бойынша өтіп, жеткізу мекенжайын толтырады. Одан әрі клиент қала шегінде жеткізу құнын төлеуі қажет – 970 теңге. Курьер поштаны тапсырыс берілген сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде жеткізеді.

 «Мен жаңалықтың әсіресе, ХҚО-қа қайта келуге уақыты жоқ клиенттер үшін жағымды екеніне сенімдімін.  Халыққа қызмет көрсету орталығындағы қызмет көрсету процесі барынша ыңғайлы болу үшін ғана емес, дайын құжатқа қайта-қайта келудің қажеті болмас үшін біз қосымша қызметтерді жасап жатырмыз. Осыған сәйкес, мен барлығына дайын құжаттарды жеткізу бойынша біздің жаңа сервисті қолданып көруді ұсынамын», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Руслан Кибке.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың сәуір айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында дайын құжаттарды жеткізу қызметін іске қосты. Енді қызмет Қазақстанның барлық өңірлерінде іске қосылады.

«Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі
 

Сондай-ақ оқыңыз