Қаңтар оқиғасы: Полиция қанша адамның босатылғанын, қалғанына қандай айып тағылғанын мәлімдеді

Жарияланды
Қазір қамауда 63 адам қалды

Қаңтар бүлігі басылғанымен, зардабы мен жанды жаралаған ауыр сызы әлі тарқай қойған жоқ. Ішкі істер органдарында болып жатқан қудалау мен бассыздық әрекеттер де халықтың көңілінде шемен боп қатқаны жасырын емес. Мұндай кезде сан сауалдың туындауы да заңды. Осы ретте құқық қорғау органдарының басшылары болған және болып жатқан жағдайға байланысты нақты жауап берді.

Қаңтардағы қасіреттің эпицентрі Алматы болғаны әмбеге аян. Бірақ Талдықорған, Шымкент, Семей, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе қалаларында да аз ойран болған жоқ. ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтың сөзінше, қаңтар оқиғасы кезінде ел бойынша жалпы саны мың жарымға жуық ғимарат пен үй-жайға залал келген. Оның 71-і – мемлекеттік мекеме, 12-сі – әкімшілік нысан, тағы 27-сі – полиция мекемелері. 

«1395 бизнес субъектісі зардап шеккен, оларды толық тонап кеткен. Одан өзге 700-ден астам автокөлік жойылды, оның 500-ден астамы полицияның, Қорғаныс және Төтенше жағдай министрліктерінің, жедел жәрдем және өзге органдардың қызметтік көліктері. Сондай-ақ 116-сы –  жеке адамдар көліктері. Шабуылдар барысында 7 аңшылық дүкендеріне шабуыл жасалып, олардан 1 564 дана азаматтық қару ұрланды» деді спикер.

Мемлекет басшысы лаңкестік актілер себептерін және ұйымдастырушыларын анықтау бойынша тергеуді Бас прокуратураға тапсырған. Осыған байланысты, аталған санаттағы және онымен байланысты барлық қылмыстық істер арнайы прокурорлар басшылық ететін ведомствоаралық жедел-тергеу топтарының өндірісіне берілді. 

«Осы қылмыстардың негізгі үлесін ( 1 356 іс) тәртіпсіздіктерден туындаған хаос процесінде Алматы қаласының сауда объектілерінен жасалған ұрлық туралы істер құрайды. 127 қылмыстық іс атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактілері бойынша, тағы 30 іс ұрлау фактісі бойынша тергелуде. Сонымен қатар 63 қылмыстық іс мүлікті қасақана бүлдіру және жою, 12 іс – автокөлікті айдап кету, 24іс – қарақшылық және тонау, 23 іс – құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану және олардың өміріне қол сұғу фактілері бойынша тіркелді. Ұрлық пен тонау жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды» дейді Әділов. 

Спикердің айтуынша, ұсталғандардың кінәсі ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желілердегі роликтермен, күдіктілердің өздерінің ұялы телефондарынан табылған деректермен дәлелденеді. 

«Мысалы, 19 қаңтарда Алматы қаласында 18 жастағы тұрғын ұсталды, оның ұялы телефонынан азық-түлік дүкендерінің бірінде ұрлық жасаған бейнежазба, ұрланған заттар аясында «селфи» және ең сорақысы көшеде бір полиция қызметкерін топ болып қатыгез ұрып-соғуға қатысуы анықталды. Бұл бейнежазбалардың барлығын күдіктінің өзі жасаған. Ол уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Мұндай фактілер көп» деп түйіндеді өз сөзін ІІМ өкілі.

Қазіргі уақытта өндірістегі қылмыстық істер бойынша арызданған залалдың алдын ала жалпы сомасы 87 млрд теңгеден асқан. Санжар Әділов қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған адамның құқықтары мен бостандықтарының заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі барлық шаралар сақталатынын айтты. 

«Күдіктіні ұстау, олардың іс-әрекеттерін саралау, сондай-ақ бұлтартпау шараларын таңдау сияқты барлық негізгі іс жүргізу шешімдері тек прокурормен келісіледі. Одан өзге, тінту, алу, сараптама үшін үлгілерді алу, бас шарасын санкциялау сияқты іс жүргізу әрекеттері тергеу соттарының қаулысы негізінде жүргізіледі. Қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған барлық адамдар дене жарақаттарының болуына медициналық куәландыру жүргізілгеннен кейін ғана, оларды алу мән-жайлары анықтала отырып, уақытша ұстау абақтысына қамалады, себебі кейбіреулері тәртіпсіздік орнынан тікелей медициналық мекемелерге жеткізілді. Бұдан басқа, ұсталған күдіктілердің адвокаттарға қолжетімділігі қамтамасыз етіледі, қажет болған жағдайда мемлекет қаражаты есебінен тегін қорғаушылар қызметі ұсынылады» дейді спикер.

ІІМ және прокуратура органдары құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және билікті асыра пайдалану фактілері де жоқ емес. Қазір мұндай бассыздықтың жолы кесіліп жатыр. 

«Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы және билікті асыра қолдануы туралы әрбір шағымға прокуратура органдарымен қатар Ішкі істер министрінің тапсырмасымен ІІМ өзіндік қауіпсіздік бөліністері тексеру жүргізеді, олардың байланыс деректері бірінші күннен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған» деді Әділов. 

Жалпы, терроризмге қарсы операцияны жүргізу барысында ұрланған қарудың 515 бірлігі табылып, тәркіленген. Оның ішінде 75 автомат, 133 тапанша, 2 пулемет; 47 ойық, 103 тегіс ұңғылы қарулар, 100-ден астам гранаталар, 9 мың данадан астам оқ-дәрі бар. 

«Қаруды ұрлағаны үшін 98 адам ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды және олардың заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтардың назарын ұрланған қару халықтың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретініне аударғым келеді, өйткені ол енді кез-келген заңсыз әрекеттерге қолданыла алады. Барлық адамдардың қаруды ұрлауға қатысы болмауы мүмкін екендігін екенін ескере отырып, тауып алған азаматтарды ерікті түрде тапсыруға тағы да шақырамыз. Бүгінгі таңда 31 қару ерікті түрде тапсырылғанын атап өткім келеді» деді ІІМ өкілі.

Қазір 1149 адам босатылған. 577 іс бойынша айыппұлдар ескертулерге ауыстырылды, 393 әкімшілік іс құрамы болмауына байланысты толығымен тоқтатылды. 

«Осылайша, сотпен әкімшілік қаумауға алынған 3 314 тұлғаның ішінен тек 63-і қамауда қалып отыр. Прокурорлардың әкімшілік жазаны жеңілдетуге арналған тағы 13 өтінішхаты соттарда қаралуда. 25 қаңтардағы жағдай бойынша жедел-тергеу топтарының өндірісінде 2 044 қылмыстық іс бар. Осы істер бойынша 898 күдікті ұсталған. Олардың ішінен 802-сі сот санкциясымен қамауға алынды, 50-іне үй қамағы, ал 21 тұлғаға кепіл, 12-не ешқайда кетпеу қолхаты тағайындалды, 13-і бойынша  бұлтартпау шарасы туралы сұрақ қаралуда» деді спикер. 

ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, қазіргі кезде прокуратура органдарына тыйым салынған тергеу әдістеріне және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тергеу барысында адам құқығын бұзу деректері бойынша 109 шағым түскен. 

Қилымжановтың айтуынша, бүгінгі таңда соттар қаңтар оқиғаларына байланысты 9257 әкімшілік істі қарады. Олардың жартысына жуығы ешқандай жаза қолданбай қаралған. Яғни, 4584 адам ескертумен ғана шектелді.  
 

Сондай-ақ оқыңыз