Алматыда лаңкестерге қарсы операция жалғасып жатыр

Жарияланды
Түрксіб ауданында антитеррорлық операция режимі енгізілді

Алматы қаласының Түрксіб ауданында антитеррорлық операция режимі енгізілді. Бұл туралы Терроризмге қарсы күрес жөніндегі қалалық жедел штабтан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Терроризмге қарсы күрес жөніндегі қалалық жедел штаб ағымдағы жылдың 26 қаңтарында сағат 00.00-ден 27 қаңтар сағат 00.00-ге дейін Алматы қаласы Түрксіб ауданы аумағында антитеррорлық операция режимі енгізілгенін хабарлайды», – делінген мәліметте.

Еске салсақ, биылғы 4-6 қаңтар аралығында терроризмге қарсы операциялар барысында Алматыдағы мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық нысандарға қарақшылық шабуыл жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 басшысы мен мүшелері ұсталған еді. Тұтқындау кезінде күдіктілерден қару-жарақ («ПМ», «ТТ» маркалы тапаншалар, кесілген шолақ мылтық, оларға арналған патрондар), ұнтақ тәрізді зат және ерекше иісі бар таблеткалар табылды.

«Арнайы және құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар мен ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жедел-іздестіру операцияларын жалғастыруда. Құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарауды, олардың заңды талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз», – деп атап өтті Терроризмге қарсы күрес жөніндегі Алматы қалалық жедел штабынан.

 

Сондай-ақ оқыңыз