2021 жылы мүгедектігі бар адамдар 367 мыңнан астам қызмет алды

Жарияланды
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы

2021 жыл ішінде Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы 266,3 мыңнан астам мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 6,4 мыңнан астамы – ымдау тілі қызметін, 34 мыңнан астамы – жеке көмекшінің қызметін, 61 мыңға жуығы – санаторлық-курорттық ем алды. Сондай-ақ, Портал арқылы кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға 232 мың тапсырыс рәсімделді.Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты хабарлады.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні Порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 792 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 164 ОТҚ жеткізуші, 15 мыңнан астам жеке көмекші, 262 ымдау тілін қызметін, 67 санаторлық-курорттық емдеуді, 135 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізушілер тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз