«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының басты міндеті қандай?

Жарияланды
Аида Балаева бес жыл ішінде ұлттық рухты қалай көтеру керегін айтты

Биыл 13 қазанда мемлекет басшысының «Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы» жарлыққа қол қойғаны белгілі. Оның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталған. Соның ішінде «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы – 3 бағыт, 7 міндет, 21 көрсеткіш, 66 ауқымды іс-шарадан тұрады. 

Бұған қатысты ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева түсініктеме берді. 

«Мазмұны жағынан бұл мәні терең, ауқымы өте кең жоба. Бұл – қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мәдени болмысы, тарихы мен тамыры. Сондықтан әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде оны сақтап қалу, ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор. Өйткені, бүгінгі ұрпақ бойына «ұлттық код» ұғымын қаншалықты терең сіңірсек – ол біздің ертеңгі ұлт болып қалуымыздың кепілі. Осы мәселелерді шешу үшін жобаны үш негізгі бағытта іске асыру көзделіп отыр» деді министр. 

Оның айтуынша, бірінші бағыт – «Рухани жаңғыру» құндылықтарын дамыта түсу. Соның аясында 38 жоба жоспарланған. 2025 жылға дейін халықтың 88,5%-ын «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының жобаларымен; мектеп жасындағы балалардың 100%-ын мәдени тәрбиемен қамту; «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың оқырман белсенділігін 40%-ға дейін арттыру; сондай-ақ меценаттар қаражаты есебінен 3000 нысан салу және жөндеу жоспарда бар екен. 

Екінші бағыт «Ел Рухы» деп аталады және ол мәдениет саласына арналған. 

«2025 жылға қарай 13 ірі іс-шара өткізу, 5 нақты нәтижеге қол жеткізу көзделген. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жаңа мәдени объектілер салу арқылы ауыл және шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының 92,5%-ы мәдениет саласы қызметімен қамтылады. 250 жаңа мәдениет нысаны салынады және жұмыс істеп тұрған 1200 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Еліміздің шығармашылық әлеуетін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімдерді өндіру жүйесін құрсақ дейміз, соған орай кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі 25%-ға дейін артады. Жаңадан құрылатын «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі базасында 40-қа жуық анимациялық фильм шығарылады, сондай-ақ үлкен шығармашылық келешегі бар талантты тұлғалардың 150 жобасына қолдау көрсетіледі» деді ведомство басшысы.

Ол сондай-ақ ұлттық жобада мемлекеттік тілді дамыту міндеті жеке белгіленгенін айтты. 

«Мемлекеттік тілге деген қоғамның сұранысы артып келеді. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан, бұл мәселеде бірқатар ауқымды жобалар қарастырылып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық ІТ-өнімдер әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі іс-шаралар бар» деді Балаева. 

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының үшінші бағытына «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген атау беріліпті. Бағыт жастарға арналады. 

«2025 жылға дейін жастардың базалық сұраныстарын шешу керек. Яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу өте маңызды. Жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашу жоспарланған. Бұл мәселелерді шешу үшін 15 үлкен жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 нақты көрсеткішке жететін боламыз» деді ол. 

Көрсетілген міндеттер орындалар болса соның нәтижесінде: 

•    800 мың жас тұрғын үй жинақ жүйесімен қамтылады; 
•    Жастарға бағытталған әлеуметтік қызметтермен 1 млн адам қамтылады; 
•    Барлық бағдарламалар бойынша жас отбасылар үшін қарыз үлесін 25%-ға дейін арттыру; 
•    1,5 млн жас бұқаралық спортпен және экологиялық жобалармен қамту қамтамасыз етіледі. Бұл ретте, NEET деп аталатын жастар санатын қолдау жөніндегі шаралар бойынша жұмыспен қамтылмаған жастар санын 5%-ға дейін төмендету сияқты нақты міндет қойылды. 
  
Осылайша, 2025 жылға қарай жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80%-ға дейін артпақ. 

Ведомство басшысы атап өткендей, ұлттық жобаның шоғырландырылған бюджеті 119 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 110 млрд теңге – республикалық, 9 млрд теңге – жергілікті бюджеттерден бөлінеді. Жоба 2025 жылға дейін іске асырылады.
 

Сондай-ақ оқыңыз