Халық санағына онлайн қатысудың қандай қиындығы бар?

Жарияланды
Статистика бюросы түсініктеме берді

Елімізде халық санағының жүріп жатқаны белгілі. Қазірге дейін 3 млн 024 мың азамат санақтан өткен. Екі апта бұрын басталған санақ тек қана онлайн режимде жүргізіліп жатыр. 

Бірден айтайық, санаққа: 
•    sanaq.gov.kz сайты
•    E-Gov порталы
•    Aitu мобильдік қосымшасы
арқылы қатысуға болады.  

«Халықты онлайн санақпен кеңінен қамту мақсатында «санақ бұрыштары» ұйымдастырылды. Бұл интернетке қолжетімді компьютерлер орнатылған бөлмелер немесе залдар. Онда аумақтық статистика органдарының консультанттары жұмыс істейді. Үйде процедурадан өтуге мүмкіндігі жоқ кез келген азамат жиі баратын жерлерде санақтан өте алады. Олар ХҚКО, «Қазпошта» АҚ филиалдарында, білім беру мекемелері мен ойын-сауық орталықтарында ашылды. Жалпы, ел бойынша 3100-ден астам осындай бұрыш іске қосылды» дейді Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов. 

Оның айтуынша, сауалнамаларды толтырудың бастапқы кезеңінде кейбір жолдар автоматты түрде толтырылады. Бұл мемлекеттік деректер қорынан алынған тегі, аты, әкесінің аты, жынысы және басқа да ақпарат. 

BTS Digital компаниясының өнім менеджері Жәнібек Дәуренбековтың айтуынша, Aitu қосымшасы да – санаққа қатысу үшін қолайлы сервис. Қосымшаны Appstore және Google Play Market-тен жүктеп, телефон нөмірінің көмегімен тіркелуге және «Халық санағы» шағын қосымшасына кіруге болады. 

«Процесс аяқталғаннан кейін хабарлама нөмірі Aitu ішіндегі шағын қосымшада көрсетіледі. Нөмірді байланыс уақыты мен вирус жұқтыру қаупін азайту үшін үйлерді аралайтын офлайн сұхбат алушыларға көрсетуге болады. Сондай-ақ хабарлама нөмірі sanaq.gov.kz сайтында да қолжетімді. Aitu-да ешқандай жеке деректер сақталмайды, тек sanaq.gov.kz сервисіне кіру нүктесі ретінде қызмет атқарады. Пайдаланушылардың өзара іс-қимылы Ұлттық статистика бюросының ақпараттық жүйесінде жүреді. Авторизациялау кезінде пайдаланушы енгізген деректер Aitu-да сақталмайды, бірақ оны Қазақстан Республикасының азаматы ретінде растау үшін қолданылады. Азаматтардың барлық жеке мәліметтері қорғалған мемлекеттік директорияларда және Aitu платформасын жасаушы компания үшін қолжетімсіз» деді спикер.

Қоғамда санақ парақтарындағы кейбір сұрақтар қызу талқылануда. 

«Санақ парақшалары арнайы тестілеуден өтіп, пилоттық санақ кезінде сынақтан өткізіліп, пысықталды. Кейіннен мемлекеттік органдармен келісу барысында бірнеше сұрақ кеңейтіліп, қосымша жауаптар қосылды. Санақ парақтары бекітілгеннен кейін ағымдағы жылдың шілде айында сұрақтар саны 91-ді құрады. Санақ парақтары барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, қолданыстағы қағидалар бойынша «Ашық НҚА» порталында және sanaq.gov.kz.мамандандырылған сайтына орналастырылды. Барлық процедуралар орындалды» деді Айдапкелов.  
Бұл ретте спикер азаматтарды барлық сұрақтарға жауап бермейтінін айтты. 

•    Аты, әкесінің аты, ЖСН, жынысы, жасы, туған күні бойынша деректер базадан автоматты түрде шығады; 
•    Ал отбасы құрамы мен тұрғын үй жағдайлары жөніндегі сұрақтарға тек қана отбасы басшысы бір рет жауап береді, отбасының қалған мүшелері тек жеке сұрақтарға жауап береді;
•    Сондай-ақ, әйелдерге ғана қатысты арнайы сұрақтар бар;
•    Жұмыссыздық туралы сұрақтар жұмыспен қамтылған немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға қойылмайды;
•    Сыртқы көші-қон бойынша сұрақтар шетелде бір жылдан астам өмір сүрген адамдарға ғана қойылады;
•    Жұмыспен қамту бойынша сұрақтар 14 жастан асқан адамдарға, неке жағдайы бойынша 15 жастан асқан адамдарға қойылады.

«Кең талқылауға себеп болған сұрақтарға тоқталайық. Мысалы, адамдар тұрғын үй жағдайлары бойынша сұрақтардың не үшін қажет екендігіне қызығушылық танытты. Атап айтқанда, қабырғалар неден жасалғаны және т.б. 2021 жылғы халық санағының қорытындылары статистиканың ақпараттық жүйесіндегі мәліметтердің өзектілігі мен дұрыстығын талдауға мүмкіндік береді: тұрғын үй объектілерін және оларда тұру жағдайларын, «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» МДҚ-да тіркелмеген объектілерді; бос немесе иесіз үйлерді; іс жүзінде істен шыққан, бірақ заңды тіркеу мәліметтері бар үйлерді анықтауға мүмкіндік береді. Өзектілігі мен пайдаланушылардың қызығушылығын, сондай-ақ әкімшілік дереккөздерде ақпараттың болмауын ескере отырып, жаңартылатын энергия көздері есебінен жылыту бойынша сұрақтар қосылды» деді спикер.  

Сауалнамаға көру, есту, жүру және есте сақтау көрсеткіштері де енгізілген. Қоғамда қызу талқыға түскен сұрақтардың бірі осы. 

«2009 жылғы халық санағының «Сіз жүру, есту, көру және сөйлеу кезінде қиындықтар сезінесіз бе?» деген жалпылама сұрақ осы қиындықтардың түрлері бөлінісінде қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік бермеді, сондықтан бұл сұрақтар кеңейтілді. Бөлім 5 сұрақтан тұрады, онда тұрғындарға белгілі бір әрекеттерді орындау кезінде күнделікті өмірде кездесетін денсаулығына байланысты қиындықтарды бағалау ұсынылады. Бөлімнің сұрақтарына 5 және одан жоғары жастағы респонденттер жауап береді. Мұның бәрі мүгедектік статистика жөніндегі Вашингтон тобының ұсынысы» деді бюро басшысы. 

Халық санағының қорытындысы бойынша жынысы, жасы, өңірлер бөлінісінде халықтың күнкөріс қаражатының көздері түрлері туралы деректер алынатын болады. Сонымен қатар кіріс мөлшері туралы деректер, COVID-19 пандемиясының кіріс деңгейіне қалай әсер еткені туралы ақпарат қалыптастырылады.

Спикер халық санағы демографиялық экономикалық болжауларды жетілдіруге, еңбек ресурстарын ұтымды пайдалануға, құрылыс саласын айқындауға, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын ұтымды пайдалануға, жақсартуға, құрылыс саласын айқындауға, жаңа жұмыс орындарын құруға, табысын көтеруге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға септігін тигізетін ауқымды ақпарат беретін шара деді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз