Автокредит аларда нені білуіңіз керек?

Жарияланды
Көлік алуды көптен бері ойлап жүргендерге бірер кеңес

Бүгінде автокөлік байлықтың белгісі емес, қажеттілікке айналды. Себебі барар жерге жедел жету үшін көпшілігі өз темір тұлпарын тізгіндегенді жөн көреді. Бірі тиынға тиын қосып жинап алса, бірі жай ғана сыйлық ретінде көлікті болады. Ал енді бір адамдар автокредит арқылы алады. Әлбетте, алғашқы екі нұсқа арқылы машиналы болған ғажап. Әйтсе де, жинауға уақыт қысса немесе дәулетті жақындары болмаса, амалсыз ай сайын белгілі бір сомаға шығатын төлем жасап, кредит рәсімдейді. Осы ретте автокредит жайында толығырақ тарқатсақ. Нені білу керек, нені ескеру қажет, мұның өзге кредиттерден айырмашылығы неде — бәрін талдаймыз. 

Ең алдымен, ескерте кететін бір жайт — кредиттің басқа түрлері секілді автокредит те үлкен тәуекелді талап етеді. Жеті рет өлшеп, бір рет кесіп барып қана шешім қабылдау керек. Олай дейтін себебіміз — мұнда жауапкершілікке қоса пайыз бен мерзім бар. Айталық, бес жылға кредитке алсаңыз, алдағы 60 ай бойы белгілі бір соманы ай сайын шығарып отыруыңыз қажет болады. Әрине, кез келген уақытта алдын ала жауып тастай аласыз. Десек те, ай сайынғы төлем сомасы иығыңызға артылғанда қатты ауыр тартпай ма — соны бір ойланған артық етпейді. Ал енді нақты алатын боп шешсеңіз, басты тақырыпқа оралайық. 

Автокредиттің айырмашылықтары 

Автокөлік алу мақсатында рәсімделген кредит — мақсатты несиенің бір түрі. Яғни қолма-қол кредитке қарағанда оның біршама ерекшелігі бар. Біріншіден, автокредит алғанда алып отырған көлігіңізді банкке кепілдікке қоясыз. Яғни қаржы ұйымының алдындағы қарызыңыздан құтылмайынша, ол толықтай сіздің меншігіңіз болмайды. Мініп жүре бергеніңізбен, банктің келісімінсіз оны сатып не ауыстыру мүмкіндігі жоқ. Одан бөлек, төлемді кешіктіріп не мүлдем төлемей қойсаңыз, әп-сәтте айырылып қалуыңыз да ғажап емес. Себебі банк алдындағы міндеттемелеріңізді дұрыс орындамай қойған жағдайда қарызыңызды жабу үшін банк автокөлікті саудаға шығарып, сатып жіберуге құқылы. Сөйтіп екі ортада салған ақшадан да, алған көліктен де айырылып қалуыңыз мүмкін.    

Екінші айырмашылығы — белгілі бір мақсатпен алынатыны. Яғни ипотека арқылы тек үй алуға болатынындай, мұнда да кредит алудағы мақсат — машиналы болу. Мұндайда банк сізге ақшаны ұстата салмайды. Сатушыға тікелей аударады. Автокредиттің де түр-түрі бар. Олардың әрқайсысының мерзімі, пайызы, шарттары түрліше. Айталық, жеңілдетілген автокредит арқылы тек жаңа және отандық көліктер алуға болады дегендей. 

Қалай рәсімделеді?

Әдетте, қолма-қол ақша алатын болсаңыз, банкке барып немесе мобайл қолданба яки сайт арқылы рәсімдейсіз. Ал автокредитті қалай алады? Машина сатып алуды жоспарлап жүрген кез келген адамның ойында белгілі бір сома, марка және айлық төлем болады. Яғни банкке не автосалонға бармас бұрын, оның өз есебі болатыны белгілі. Ендеше, бірінші кезекте машинаның түрін таңдап алуыңыз керек. Қолдан аласыз ба, жоқ су жаңасын тізгіндейсіз бе? Қазақстанда автокөліктердің бағасын салыстыруға қолайлы әрі хабарландыру базасы ретінде көпшілікке жақсы таныс сервис бар. Егер мінілген көлік алатын болсаңыз, онда kolesa.kz сайты не қолданбасын бір шолып шығыңыз. Ол жерде кімнің қандай ұсынысы барын, өзіңізге қолайлысын таба аласыз. Ал енді жаңа көлік алуды ұйғарсаңыз, онда қалаңыздағы автосалондарға барасыз. 

Автосалоннан барлық шаруаны бітіруге болады. Бірінші кезекте, менеджерден баға, дәл қазір қандай көліктер барын біліп алыңыз. Кейде жаңа көлік алу үшін бірнеше апта күтуге тура келеді. Себебі тапсырыс беру қажет. Ал егер салонда тұрса, онда құба-құп. Бір есте ұстайтын жайт, автосалоннан тек жаңа көліктерді емес, мінілген әрі өзге маркалардан да алуға болады. Бағасының қаншалықты тиімді екенін жоғарыда айтқан сервис арқылы тексеріп, салыстырып көрген жөн. 

Сонымен, белгілі бір марканы таңдаған соң, сол салонмен бірлесіп жұмыс істейтін банктердің бірінен рәсімдейсіз. Яғни таңдау еркі сізде болмайды. Қандай банктер арқылы алу мүмкіндігі қарастырылса, солардың бірін ғана таңдай аласыз. Қай банктен қарыз алатыныңызды шешкен соң, құжат тапсырасыз. Ол үшін көп жағдайда жеке куәлік қана қажет. Жекелеген жағдайда басқа да құжаттарды сұратып қалуы мүмкін. Себебі әр банктің талап-шарты әр түрлі. Бірнеше минут ішінде сізге кредит беру-бермеуге қатысты шешім қабылданады. Егер мақұлдаса, онда әрмен қарай рәсімдеу жалғасады. Төлем сомасын, шарттарын мұқият қарап шығып, бәрі көңіліңізден шыққан соң бастапқы жарнаны салып, өзге де міндеттемелерді орындау керек. Артынша келісімшартқа қол қоясыз. Оның да мәтінін жақсылап қарап шығыңыз. Егер көлік дәл қазір бар болса, онда қабылдап алу процедуралары жасалады. Ал тапсырыс беріп, күту қажет болса, менеджер сізге хабарласады.  

Нені ескеру керек?

Кредит сомасы. Бастапқы жарнаны неғұрлым көп құйсаңыз, соғұрлым аз соманы кредитке рәсімдейсіз. Қазақстанда банктер автокредитті 0 пайыздан бастап береді. Кейде жарты құнын төлеп, қалғанын бөліп төлеуге рәсімдеуге де болады. Әйтсе де, бөліп төлеудің мерзімі қысқы болғандықтан, ай сайынғы төлем өте жоғары болуы мүмкін. Ал көп жағдайда бастапқы жарна ретінде 10 пайызын құйып алады. Еліміздегі банктердің дені кредитті ең көп дегенде 7 жыл — 84 айға береді. Айтпақшы, сақтандыру құнын кредит сомасына қосуға да болады. Егер бөлек төлейтін болсаңыз, ол үшін қаражатты қарастырып қойыңыз. Кей банктер сақтандыруды сыйлыққа жасап беруі де мүмкін. Осыны анықтап алыңыз. Егер сақтандыру жасамасаңыз, жол апаты не машина ұрлануы сынды жағдайларда мәселені өзіңіз шешуіңіз керек болады.   

Пайыздық мөлшерлеме. Бұл — банк ақшасын пайдаланғаныңыз үшін бір жылдық есеппен төлеу керек болатын кредит құны. Әдетте, жарнамаларда жарқ етіп төмен пайыз көрсетілгенімен, жасырын пайыздар болады. Яғни кредиттің толық құны ол емес болып шығады. Сондықтан тиімді пайыздық мөлшерлемені анықтап алу керек. Барлық комиссия, өзге де төлемдерді қосқаннан кейінгі пайызды біліп алыңыз.   

Комиссиялар. Егер пайыздық мөлшерлеме төмен болса, демек жасырын комиссия бар деген сөз дей беріңіз. Яғни қосымша қызметтер үшін жасалатын төлемдер. Көбіне баннерлердегі не сайттардағы жарнамаларда ұсақ қаріппен, төменде көрсетіледі.   

Бастапқы жарна. Автокөліктің толық құнының қанша пайызын бере аласыз? Кредит алу үшін белгілі бір бөлігін құю керек. Мақұлдау ықтималы жоғары болсын десеңіз, көбірек пайызын төлеген дұрыс. Айтқандай, банк талап ететін бастапқы жарна түрліше: кейбірі жарты бағасын сұраса, енді бірі тіпті бастапқы жарнасыз-ақ беруге даяр.

Кредит валютасы. Автокредит рәсімдеген кезде қандай валютамен төлейтініңізді нақтылап алыңыз. Егер жалақыны теңгемен алатын болсаңыз, әлбетте, отандық валюта дұрысырақ. Дегенмен таңдау өзіңізде. Банкпен келісе отырып, бір байламға келе аласыз.  

Мерзімі. Неғұрлым ұзаққа созсаңыз, соғұрлым үстіне қосып төлейтін сомаңыз шарықтай түседі. Қысқа мерзімге алсаңыз, ай сайын көбірек төлеу керек болады. Есесіне, пайызы аз шығады. Қайсысы қолайлы, жақсылап ойланыңыз. Бір жылға алып, айына жарты миллион теңге төлеуге мүмкіндігіңіз болса, жақсы. Ал енді экономикалық жағдайыңыз нашарлау болса, оны төлей алмай, ақыры соттасып не өсімпұл төлеймін деп «әбіржіп» қалмауды да есте ұстаңыз.

Кредит төлеудің тәсілі. Басқа кредиттердегідей, мұнда да екі тәсіл бар: аннуитет және дифференциал. Алғашқысында тең бөлікке бөлінеді. Екіншісінде  кредит мерзімі қысқарғанда төлем де қысқарады. Көбіне банктер өздері үшін тиімді болғандықтан аннуитетті ұсынады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз