Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет – Президент

Жарияланды (жаңартылды )

Бүгін елдегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңес барасында президент Құрбан айт мерекесінде карантин шараларын қатаң сақтап, инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет деп атап өтті. Мемлекет басшысы жағдайды ушықтырып алмас үшін үкімет пен әкімдерге осы мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды, деп жазады президенттің баспасөз қызметі. 

«Ертең бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Елде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан біз жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмауымыз керек» деді президент. 

Мемлекет басшысы үкімет пен әкімдерге осы мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. 

«Жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет» деп атап өтті мемлекет басшысы. 

Биыл Құрбан айт мерекесі 20,21,22 шілде күндері аталып өтеді. Бұл ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, үш күнге созылатын діни мейрам. Бұл күні мұсылмандар мешітте айт намазын оқып, көпшілік дастархан жайып бір-бірін қонаққа шақырады. Әрбір үйде Құран оқылып, өмірден өткен ата-бабаларына құран бағыштайды. 

Бұл мейрамда орындалуы керек сауапты амалдың бірі – Құрбан шалу. Адамдар құрбан малын сойып, оның етін мұқтаж жандарға таратып береді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз