Орталық Азия жер сілкінісіне бейім

Жарияланды
Сейсмикалық аудандары шамамен 475 мың км2 алып жатыр

Алматыда 2021 жылғы 11-14 мамыр аралығында виртуалды алаңда Орталық Азиядағы тәуекелдерге ұшырауды бағалау бойынша бес елдік семинардың алғашқысы өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Іс-шара «Орталық Азиядағы қаржылық тұрақтылықты нығайту және апаттардың қаупін азайту қарқынын жеделдету мақсатында жер сілкінісі мен су тасқыны қаупін бірыңғай өңірлік бағалау және жекелеген көшкіндер сценарийлерін талдау» жобасы шеңберінде өткізіледі.

Семинарды Ұлттық океанография және қолданбалы геофизика институты (Италия) ұйымдастырды.

Іс-шараға ғылыми-техникалық сарапшылар мен тәжірибелік мамандар, оның ішінде ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, инженерлер, аумақтық жоспарлау жөніндегі мамандар, бейінді мекемелердің қызметкерлері және Қазақстанның кәсіпорын басшылары қатысады.

Қазақстанның сейсмикалық аудандары шамамен 475 мың км2 алып жатыр. Қарқындылығы 6 және одан жоғары зілзалаға ұшыраған аудандар ел аумағының 42,9% алады. Қазіргі уақытта еліміздің сейсмикалық аудандарында шамамен 7 млн-дай адам тұрады. Оның ішінде 9 баллдық аумақта 2 млн. адам (Алматы қаласында – 1,8 млн.), 8 баллдық аумақта – 1,1 млн., 7 баллдықта 2,0 млн. және 6 баллдық аумақта 1,2 млн. тұрады.

2017-2018 жылдары ҚазҚСҒЗИ мамандары «Сейсмотұрақтылығын зерттеу мақсатында Алматы қаласының жылжымайтын мүлік объектілерін паспорттау» ғылыми жұмысын орындады. Нәтижесінде 2017 жылы 7027 объектінің, 2018 жылы 3131 нысанның зілзалаға төзімділігі тексерілді. Алынған материалдар бойынша Алматы қаласының жергілікті үйлестіру жүйесіне объектілерді байланыстыра отырып, ГАЖ бағдарламасында тексерілген 10 525 объектілердің электрондық құжаттары жасалды.

   «Паспорттау нәтижелері сейсмикалық қауіпті ғимараттарды анықтауға, оларды сейсмикалық күшейту немесе бұзу бойынша бірінші кезектегі объектілерді тағайындауға, сейсмикалық қауіпті ғимараттарды күшейтуге және ескі үйлерді бұзуға жұмсалатын шығындар көлемін анықтауға мүмкіндік берді. Ескі үйлерді бұзу, білім беру мен денсаулық сақтау нысандары ғимараттарының сейсмотұрақтылығын күшейту бойынша қаланың бюджеттік бағдарламаларына кезектілік бойынша түзетулер енгізілді», – деп түсіндірді Шокбаров.

Семинар қорытындысы бойынша оған қатысушылар ұсынылған әдістемелерді өздері қолдана алады және Орталық Азия өңіріндегі апаттардың қаупін азайту жөніндегі қызметке өз үлестерін қоса алады.

Сондай-ақ оқыңыз