Шаруалар ылғал тапшылығынан сақтандыру келісім-шарттарын жасауда

Жарияланды
15 сәуірге дейін сақтандыра алады

Осы жылға өсімдік шаруашылығындағы тәуекелдерді сақтандырудың алғашқы шарттары жасалды. Фермерлер егіс алқаптарын ылғалдың жетіспеушілігінен онлайн режимде биыл 15 сәуірге дейін сақтандыра алады. Бұл туралы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі хабарлады. 

Құрғақшылықтан сақтандыру –  егіншілер үшін үлкен қолдау. Өйткені, өсімдік шаруашылығындағы тәуекелдер кез келген уақытта болуы ғажап емес. Көктемнің соңы мен жаз айының басында топырақ ылғалының жетіспеушілігі еккен егіннің тез көтерілуіне кедергі болатыны ақиқат. Оның үстіне сарапшылар биыл еліміздің көптеген өңірлерінде құрғақшылық болады деп болжап отыр. 

Егер өткен жылдары міндетті сақтандыру жүйесі қолданылған болса, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап «Агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақтарды мемлекеттік реттеу туралы» Заңға өзгерістер енгізілді.

Мұндағы ең басты ерекшелік – шаруалар егіс алқаптарын ерікті түрде сақтандырады. Бұрын дәнді, майлы дақылдарды, қант қызылшасы мен мақта өндірушілердің барлығы өз егістіктерін белгіленген тарифтер мен шығын нормативтері бойынша сақтандыруға міндетті болатын. Енді шаруашылық өз тәуекелдерін қаншалықты төмендету керектігін өзі шешеді.

Өз бизнесін сақтандырған егін шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, сақтандыру полисі құнының 50%-ы субсидия ретінде төленеді.

Ең бастысы – «Agroinsurance» сервистік жүйесі орналасқан www.qoldau.kz платформасына электронды цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен тіркелу керек. 
Осылайша, шаруалар еккен егінін сақтандыру үшін алқаптарды, компанияны, сақтандыру сомасын таңдауға, сондай-ақ күн сайын платформадағы жеке кабинеті арқылы топырақтағы ылғал деңгейін қадағалауға мүмкіндік алады.

Бұл процеске қатысатын сақтандыру компанияларында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар.
Бекітілген өнімдер бойынша «Жусан гарант», «Виктория» және «Номад иншуранс» сақтандыру компаниялары жұмыс істейді. Ал бұлар өз тәуекелдерін «А» рейтингісі бар Халықаралық қайта сақтандыру компанияларында қайта сақтандырады.

Сақтандыру жағдайын анықтауда адами фактор алынып тасталғаны да үлкен маңызға ие. Сақтандыру жағдайы туындаған фактіні спутниктік деректерге сүйене отырып, ақпараттық жүйе айқындайды. Бұл – сақтандыру төлемдері механизмінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

    «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы сақтандыру операторы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры фермерлерді қолдау үшін және саланың тұрақтылығы мен табысты болуы үшін сақтандыру мәдениетін дамытады. Өткен жылы 56 ауыл шаруашылығы тауарын өндіру егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандырған. Шаруалар алған сақтандыру төлемдері 535 млн теңгені құрады. Биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарлануда», – дейді Қордың басқарушы директоры Асқар Қалиев.

Ылғал тапшылығынан тәуекелдерді индекстік сақтандыру екі фазалы және үш фазалы сақтандыру болып бөлінеді. Бірінші фаза – 15 мамырдан 14 маусымға дейін, екінші фаза – 15 маусымнан 14 шілдеге дейін және үшінші фаза – 15 шілдеден 14 тамызға дейінгі аралықты қамтиды.

Осыған байланысты, егіншілер алқаптарды қандай фазалар бойынша сақтандыратынын өздері таңдайды. Мониторинг жүйесінде әрбір фаза бойынша өз триггерлері, яғни сақтандыру жағдайы іске қосылатын нүктелер қойылады. Топырақтағы ылғал деңгейін белгілеудің егжей-тегжейлі процесін, триггерлер және басқа параметрлерді фермер жеке кабинетінен көре алады.

Құрғақшылықтан сақтандыру кезінде сақтандыру тарифі сақтандыру сомасының 3,2 – 4,8%-ын құрайды. Ал артық ылғалдан ол сақтандыру сомасының 3,2%-ы шегінде белгіленген.

Сақтандыру сомасын есептеу кезінде шаруа егіс алқабының бір гектарына сақтандыру сомасын өзі анықтайды. Ол – 40 мыңнан 80 мың теңгеге дейін. Содан кейін сақтандыру компаниясын таңдайды және сақтандыру құнының 50%-ын төлейді. Қалған соманы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры салады.
Егіншілер айтқандай, егер сақтандыру болмаса, өткен жылы көптеген адам жұмыс пен табыстарынан айырылатын еді.

Шығыс Қазақстан облысындағы шаруашылық басшысы Талғат Алдажаровтың айтуынша, 2020 жылы қар көп жауғанына қарамастан, фермерлер топырақ ылғалының жетіспеушілігі проблемасымен бетпе-бет келген. Оларға осы сақтандырудың көп көмегі тиген.

    «Біз 240 миллион теңге шығынға ұшырадық. Мемлекеттік сақтандыру субсидиясын пайдалану арқылы ғана біз өтемақы алып, жұмысымызды сақтай алдық. Өткен жылғы тәжірибені ескере отырып, егіс алқаптарымызды биыл да сақтандырамыз деп шештік», – дейді фермер.

Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлері егіс алқаптарын сақтандыра алады.

Сақтандыру шартына сәйкес, сақтандыру жағдайы туындаған сәттен бастап 15 жұмыс күні ішінде төлем жасалады.
 
 

Сондай-ақ оқыңыз