Халықтың қартаюы экономикаға қалай әсер етеді?

Жарияланды
Елде қарт адамдардың үлесі көбейген

Қазақстанда қарт адамдардың үлесі көбейіп келе жатыр екен. Қазірдің өзінде жасы 60-тан асып кеткен азаматтар саны бүкіл халықтың 12 пайызын құрап отыр. Егер бұл көрсеткіш белсенді қарқынмен жалғаса беретін болса, онда Қазақстанның өз тағдырына шындап алаңдауына тура келмек. 

БҰҰ нормасы бойынша 65 жастағы және одан асқан қарт адамдар бүкіл халықтың 7 пайызын құраса онда ол ел қартайған мемлекет санатына кіреді. Экономист Оразбек Мырзақұл халықтың қартаюы бірінші кезекте экономикалық өсімнің құлдырауына алып келеді дейді. 

«Қартаю инновацияның дамуын тежейді. Инновацияның кенже қалуы экономикалық өсімді баяулатады. Үшіншіден, бұл жағдай мемлекеттік бюджетке ауырлық түсіреді. Яғни, қарт кісілер жұмыс істемейтіндіктен жеке табыс салығы ел қазынасына түспейді. Ал мемлекет шығындары арта береді. Шын мәнінде, халық саны көбейген соң және оның сапасы артқан соң барып күнкөріс деңгейі артады, ЖІӨ көбейеді. Барлығы бір-бірімен байланысты. Экономикалық өсім бар жерде ЖІӨ-де артады. ЖІӨ жоғары болғандықтан халықтың тұрмысы, күнкөріс деңгейі де жоғарылайды» дейді экономист. 

Еңбек нарығын зерттеуші Сәуле Қалиева Қазақстанда  халықтың қартаю процесі дамыған елдердегідей қарқынды жүріп жатқан жоқ, десе де жағдайға қазірден мән беріп, бақылауға алған жөн деген ой айтады. 

«Алпыс және одан үлкен жастағы адамдар саны 297,9 мың адамға немесе 19,3 пайызға өсті, ал 15 жасқа толмағандар 230,7 мың адамға немесе 4,7 пайызға азайды. Осыған қарап Қазақстанды «қарттық шегіне жетті» деп бағалауға болады. Халықтың қартаюы келесідей проблемалар тізбегін тудырады. Жұмыс күшіне деген ұсыны төмендейді – еңбекке қабілетті адам саны азайып, еңбек өнімділігі төмендейді. Еңбекке қабілетті адамдардың жұмыс жүктемесі жоғарылайды. Тұтыну құрылымы өзгереді. Тұтыну шығындарының азаюы – тауарлар мен қызметтердің бағасына және инфляция деңгейіне әсер етеді. Халықаралық валюта қорының бағалауынша қартайған халық дефляциялық қысыммен бірге жүреді, өйткені жиынтық сұраныс төмендейді. Ақша-несие саясатының тиімділігі төмендейді. Зейнетақы жүйесіне, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғауға, ел бюджетіне түсетін шығындар өседі. Аймақаралық теңсіздік шиеленіседі» дейді маман. 

Мемлекет қартаю процесінен зардап шекпес үшін бірқатар эксперттер зейнет жасын ұзарту керегін айтады. 

«Халық қартайса өнімділік төмендеп, экспорт қысқарып, экономикалық табыс азаяды. Қытайда жүргенде осы сұрақты бір профессорға қойып едім, ол мынадай жауап айтты. Болашақта еңбек өнімділігін арттыру бойынша роботтарды қолданбақшымыз. Егде адамдар зейнетке шыққанымен оның орнына роботтар жұмыс істейді дейді ол. Қытай бұл проблеманы осындай жолмен шешпекші. Алайда мұндай әдісті тек дамыған мемлекеттер ғана жүзеге асыра алады. Қазақстан сияқты дамушы мемлекеттердің әлеуеті ондай технологиялық прогреске жете қойған жоқ. Зейнет жасын ұзарту проблеманы шеше ала ма? Оған абсолютті жауап жоқ. Әр елдің жағдайында әртүрлі. Дәл біздің жағдайымызда бұл нұсқа да шешім емес. Біздегі басты проблемаға айналған адам капиталы, білім сапасы сияқты факторларды шешпейінше еңбек ету жасын ұзарта түсу түйінді тарқатпайды. Мұндай нұсқа Жапония сияқты елдер үшін қолайлы шығар. Себебі, ол жақта еңбек өнімділігі, адами капиталдың сапасы, адамдардың білімі жоғары болғандықтан еңбек өнімділігі төмендемейді. Егде адамдары да сапалы жұмыс істей алады. Сондықтан біз алдымен жүйелік проблемаларды шешіп, сосын барып қана бұл тақырыпқа назар аудара аламыз» деді Оразбек Мырзақұл. 

Қыркүйек айының соңындағы дерек бойынша, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарына ел бюджетінің 26,6 пайызы жұмсалған. 

2013-2018 жылдары осы сектордағы мембюджет шығыны жыл сайын орта есеппен 14,3 пайызға өскен. 

Биыл карантинге байланысты екі жарым миллион қазақстандық 42 500 теңге әлеуметтік көмек алды. 

Тамыз айының соңында дүниежүзілік банк коронавирус салдарынан Қазақстанда 800 мыңнан астам адам кедейлік қамытын киеді деп болжаған. Статистика комитетінің дерегінше, екінші тоқсанда елдегі кедей адамдар саны 1 миллионға жеткен. Әрине, бұл деректің барлығы елдегі әлеуметтік ахуалдың төменгі шекте екенін айғақтайды. Сондықтан болар жастар кеш үйленеді және аз бала туады. 

Оразбек Мырзақұл Қазақстан демографияны көтеру мен елдің тұрмысын түзеуге, білімін арттыруға күш салуы тиіс деп санайды. 

«Әлемде мынадай қызық зерттеу бар. Экономикалық сауаттылықтың артуы елдегі үйлену жасының ұлғаюына және отбасындағы бала санының азаюына әсер етеді екен. Яғни, халық мейлінше экономикалық тұрғыда сауатты болған сайын олар кешірек үйленеді, азырақ бала туады. Себебі, ондай адамдар барлығын есептей алады – балалы болудың шығыны – оның біліміне, болашағына қанша ақша жұмсалады деген сияқты. Әрине, бұл дұрыс деген сөз емес. Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін демографияны көтеру өте маңызды фактор. Демографияның өсуі еңбек күшінің, тұтыну деңгейінің артуына, инновацияның дамуына әсер етеді. Демография елдің экономикалық өлшемін анықтайды. Кез-келген бизнеске бес адамға тауар өндіріп, сатқаннан гөрі 10-20 адамдық нарыққа тауар сатқан ыңғайлы және бизнес өзіне керек адамдарды оңай табады» дейді ол. 

 

 
Сондай-ақ оқыңыз