Желідегі алаяқтар: балаларды киберқылмыскерлерден қалай аман алып қалуға болады

Жарияланды
Балаларыңыз желілік қауіпсіздік туралы не білулері керек?

Childwise ұйымы жүргізген зерттеулерге сәйкес, 5-тен 16 жас аралығындағы балалар гаджет экрандарының алдында орта есеппен күніне 6,5 сағатқа дейін отырады екен. Сондай-ақ дәл осы балалар аңғалдығы мен ата-анасы тарапынан тиісті бақылаудың болмауы салдарынан, киберқылмыскерлердің тұзағына жиі түседі. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін қарапайым ережелерді сақтау жеткілікті. Бұл туралы fingramota.kz сайты хабарлады.

 Балаларыңыз желілік қауіпсіздік туралы не білулері керек? 

Жыл сайын миллиондаған жасөспірім өздері ештеңені аңғармастан алаяқтық әрекеттердің құрбанына және сыбайласына айналып жатады. Қастандық ойлаушылар тұзақ жүйесін мұқият құрып, әр деталіне дейін жан-жақты ойластырып, тыңғылықты дайындалады, сондықтан да тұзаққа түсушілер қауіпті дер кезінде байқамай қалады. Барлығы әлеуметтік желідегі қарапайым лайктар мен бөлісулерден басталуы мүмкін. Бұл алаяқтарға берілген белгі — осылайша сіз «еліктіру шұңқырына» тап боласыз. Қастандық ойлаушылар сіз туралы ақпарат жинауды бастап кетеді. Ары қарай олар сіздің қызығушылықтарыңыз бен қолдарындағы сіз туралы мәліметтерді пайдалана отырып, нақты сценарий құрады. Алаяқтардың басты мақсаты — сізді жабық чаттарға кіргізу, бірдеңеге төлем жасауға итермелеу, телефонға орнатуға көндіру немесе достарыңызға зарарлы файлды жіберу.

Мұндай топтарды блоктап тастау және желідегі қылмыскерлерге тосқауыл болу өте қиын, себебі олар белгілі бір уақытқа дейін заңға қайшы ештеңе жасамайды. Әрі алаяқпен оның құрбанының әрекеті жеке жүзеге асады. Міне, сондықтан да алаяқтардан әркім өзін өзі ғана қорғай алады. Бұл қиын емес — күмәнді әрекеттерге араласпаңыз!

Жасауға болмайтын нәрселер

Таныс емес сайттарға кірмеңіздер және күмәнді сілтемені баспаңыздар.

Күмәнді сайттардағы сауалнаманы толтырмаңыздар және байланыс нөмірлеріңізді қалдырмаңыздар.

«Спамдарға» жауап бермеңіздер. Заманауи пошта қызметтері оларға жақсы тосқауыл қояды, әйтсе де жылдам ақша табуды немесе ірі ұтысты ұсынатын хаттарға сақтықпен қараңыздар.

Браузерде шығып тұратын терезелерге өтпеңіздер.

Таныс емес мекенжайлар немесе таныс, бірақ хат күтіп отырмаған мекенжайлар жолдаған хаттарды ашпаңыздар.
Ешқашан пошта немесе мессенджер арқылы құпия сөзіңізді және кредиттік картаңыздың нөмірін жолдамаңыздар.
Басқа пайдаланушыларға мекенжайыңыз, телефон нөміріңіз, мектебіңіздің нөмірі, ойнайтын сүйікті жерлеріңіз, орналасқан орныңыз, саяхатқа немесе демалысқа шығуға байланысты жоспарларыңыз, құнды заттарыңыздың фотосы, пәтеріңіздің, көлігіңіз бен үйіңіздің суреті, жеке құжаттарыңыз туралы ақпарат, автокөлік нөмірі, жеке құжаттарыңыздың, банк карталарыңыздың нөмірі секілді дербес мәліметтеріңізді хабарламаңыз.

Біреумен кездесу немесе желідегі танымайтын адамдарға бірдеңе тарату секілді өтініштерге көңіл бөлмеңіздер. Егер банк қызметкері картаңыздың ПИН-кодын хабарлауды өтінсе, жауап бермеңіз. Бірден осындай хабарлама алғаныңыз туралы ата-анаңызға айтыңыз.

Қосымшалар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қандай қауіп төндіреді?

Шетелдік әлеуметтік зерттеулердің біріне сәйкес, жасөспірімдер шын мәнінде әлеуметтік желідегі он досының алтауын танымайды екен. Келесі бір сауалнамада балалардың 43 %-ы 12 жасқа дейін таныс емес адамдармен хат алмасқандарын мойындаған. Ал олардың арасында алаяқтар да, өзге қауіпті тұлғалар да болуы мүмкін. Оларды қалай ажыратуға болады?

Жалған профиль. Қылмыскерлер көп жағдайда өз профильдерін баланың аккаунтына жасырады. Сіз өзіңіз секілді баламен хат алмасып отырмын деп ойлайсыз, шын мәнінде бұл ересек адам болуы мүмкін. Өздеріңіз жақсы білетіндей, интернетте адамның жеке мәліметтерінің растығын тексеру қиын.

Бұдан бөлек те тұзақ түрлері бар. Кей алаяқтар өздері ұрлап алған фотосуреттер мен дербес дереткерді пайдалана отырып, бөгде адамдардың профилін көшіреді немесе соған ұқсас профиль ашады. Кейін осы парақшаларды әлеуметтік желілерде пайдаланады. Ал енді біреулер басқалардың аккаунтын тұтынушының толық деректерімен бірге ұрлап алып, оны сатылымға шығарады.

Қауіпті қосымшалар. Қосымшалардың арасында сіздің орналасқан орныңызды қадағалап, хабарламаларыңызды, фотосуретіңіз бен контактілеріңізді жолдап отыратын түрлері де кездеседі. Сондай-ақ қосылғандардың барлығы өз ойларымен, жазбаларымен, хабарламаларымен, суреттерімен және өзге де деректерімен шын есімін көрсетпестен бөлісе алатын «сыр ақтару» – қосымшалары болады. Алайда қосымша пайдаланушының нақты тұрғылықты орнын сәйкестендіреді, бұл пайдаланушыдан бір километр қашықтықта тұратын адамдармен байланысқа түсуге мүмкіндік береді.

Көпшілік қолданатын күрделі ойындар. Командалық ойындар берік әлеуметтік байланыс құрып, баланы ойынға құмарта түседі. Әдетте, мұндай ойындардағы заттар нақты ақшаға сатып алынады, бұл бір жағынан отбасылық бюджетке соққы болса, екінші жағынан — ойынды ары қарай жалғастыруға ынталандыра түседі. Психологтар баланы 11-12 жасқа дейін мұндай ойындарға жолатпауға кеңес береді және мұндай ойындардың баланы бірінші кезекте қарым-қатынаспен баурап алатынын растайды.

 

Сондай-ақ оқыңыз