Жастар арасындағы жұмыссыздық өршіп барады. Проблема қалай шешіледі?

Жарияланды
Қазақстандағы әрбір төртінші жас жарты жылдан астам уақыт бойы жұмыс таппай жүр

Елімізде жұмыссыздық мәселесі өршіп тұр. Оқу орнын бітірген жас та, жоғары білім алмаған жас та сәт сайын бұл проблемамен бетпе-бет келуде. 2020 жылдың төртінші тоқсанында 15-28 жас аралығындағы 76 мыңнан астам жастың жұмыссыз жүргені анықталған. 

Әрине, бұл аса күрделі мәселе. Еңбек нарығы кәсіби мамандарға мұқтаж болып отыр. Ал қаншама жас бос сенделіп жүр. Бұл өз кезегінде нарықтағы бос орындардың толмауына, соның әсерінен еңбек өнімділігінің төмендеуіне, әрі қарай экономикалық ахуалдың нашарлауына және төлем қабілеттілігінің азаюына әкеліп соғары сөзсіз. 

Finprom.kz мәліметі бойынша, қазір Қазақстандағы әрбір төртінші жас жарты жылдан астам уақыт бойы жұмыс таппай жүр. Жастар елдегі бүкіл жұмыссыз азаматтардың 17 пайызын құрайды екен. Жоғарыда айтқан 76 мың жұмыссыздың 32,5 мыңы ерлер болса, 44,1 мыңы әйелдер. Басым бөлігі қалада тұрса, 30 мыңға жуық жас ауылдық жерлерде екі қолға бір күрек таппаған күйі тұрып жатыр. Жағымсыз статистика бойынша Алматы қаласы  (14,5 мың адам), Алматы облысы (9,7 мың адам), Түркістан облысы (6,7 мың адам) «көш басында» келеді. Мұны мәселенің бір қыры деп қойыңыз. Жұмыссыздық айтылып та келе жатқан, айтыла да беретін тақырып. Қазір мемлекет түрлі бағдарламалар ұсынып та жатыр. Әлбетте, қаптаған жобалардың түбі бір нәтижесі болмауы мүмкін емес. Ең қызығы қоғамда басқа бір үрдістің қалыптаса бастауы. Бұл жұмыс істеп жүрген азаматтар арасындағы бәсекелестік. Қызметтік бәсекелестік жұмыссыздық қаупін тудыра бастаған. 

GorodRabot.kz сервисі жұмыс істеп жүрген азаматтар арасында бәсекелестік артқанын, сондай-ақ жақын уақытта қандай мамандықтар жойылып кетуі мүмкін екенін де хабарлаған.  

«Сонымен қатар жұмыс берушілер онлайн форматты пайдаланып шет елдерден де қызметкерлер тартып жатыр. Бұл отандық еңбек нарығындағы бәсекелестікті күшейтеді» деп жазады сервис.

GorodRabot аналитиктерінің зерттеуінше, шамамен төрт жылдан соң Қазақстанда несие менеджері, бухгалтер, корректор, кітапханашы, турагент, нотариус, жүйелік админ мамандары нарыққа қажетсіз боп қалуы ықтимал. Сарапшылар жұмыссыздық проблемасы әсіресе, әйелдер үшін қиын тиеді деп есептейді. 

«Көптеген процестер автоманттандырылады. Тек аз ақы төленетін физикалық еңбек қана алады. Оны автоматтандыру аса тиімді емес. Ал әйелдер ондай міндеттемені орындай алмайды. Сондай-ақ аналитикалық дағдыларды немесе дамыған коммуникативтік дағдыларды қажет ететін жоғары білікті жұмыс орындары болады. Қазірдің өзінде бұл дағдыларды көбіне ер адамдар пайдаланады. Көптеген әйелдер әдеттегі жұмыстарды таңдайды» деп жазады сервис. 

Ақпан айында елдегі орташа жалақы 198 200 теңге болған. 2021 жылы жұмыс берушілердің 56 пайызы 60 мың теңге төлеуге дайын. 31 пайызы 100 мың теңге, 8 пайызы 200 мың теңге көлемінде жалақы төлеуге дайын екенін хабарлаған. Тек 0,2 пайыз жұмыс беруші ғана жалақысы 500 мың теңге болатын жұмыстар ұсынған. 

Қазіргі кезде жұмысшы персоналы, транспорт, логистика, сауда саласы бойынша вакансиялар өте көп. Өндіріс, медицина, фармацевтика саласы да мамандарға мұқтаж болып отыр. 

Еңбек нарығы проблемасы бізде ғана емес. Күллі әлемге тән. Консалтингтік қызмет көрсететін McKinsey & Company компаниясы Қытай, Франция, Германия, Үндістан, Жапония, Испания, Ұлыбритания, АҚШ елдерінде әртүрлі салаға зерттеу жүргізіп, нарықта қандай үрдістердің қалыптасқанын жария етті. Олардың мәлімдеуінше, коронавирус үш үрдісті жылдамдатты – қашықтан жұмыс істеу, электронды коммерция үлесін және жеткізіп беру экономикасын. Қызметтердің цифрлануы, клиенттердің келешекте өз-өзіне қызмет көрсету үлесінің артуы, жасанды интеллектің көп кәсіпорын, мейрамханаларда іске қосылуы біршама қызметкер мен қызметтердің қысқаруына тікелей әсер етпек. Аталған үрдістердің қаншалықты ұзақ уақытқа сақталарына қарамастан 2030 жылға таман зерттеу жүргізілген 8 елде 100 миллионнан астам жұмысшы мамандықтарын өзгертуге белсене кірісуі мүмкін. Жұмыссыздықтан жоғары білім жоқ азаматтар, әйелдер, жастар және этникалық азшылық өкілдері көп зардап шегуі ықтимал. 

Компания қашықтан жұмыс істеу режимі пандемиядан кейін де сақталып қалады деп болжайды. Онлайн режимдегі жұмыс форматының сақталып қалуы компаниялар үшін әлдеқайда тиімді болмақ. Олар бұл форматтың тиімділігін қазірдің өзін де сезініп жатыр. Сондықтан олардың келешекте бұл форматты одан технологиялық және мультимедиалық тұрғыда әрі дамытып, жетілдіре түсуге бар күшін салатыны түсінікті. Ал бұл өз кезегінде онлайн форматқа қатысты қызметтер вакансиясын арттырып, пандемияға дейін өзекті саналған жұмысшылардың нарықтан кетуіне себеп болмақ. 
 

Сондай-ақ оқыңыз