Үйді қымбатқа сатудың 8 жолы

Жарияланды
Еш қулықсыз, бірақ пәтер бағасын көтеретін тәсілдер

Зейнетақы жинағының бір бөлігіне баспана алуға мүмкіндік беріліп, ипотекалық бағдарламаның түр-түрі пайда болғалы баспана бағасы аспандап кетті. Осы ретте пәтерді сатарда не нәрсеге мән беру керек, бағасына сапасы сай болуы үшін ескеру керек дүниелерді, бағалау әдістерін бөліскенді жөн көріп отырмыз. 

1. Нарықтағы ахуалдан хабардар болу
Бүгінде ақпаратқа тапшылық жоқ. Өйткені БАҚ беттерінде баспана нарығында жағдайдың қалай боп жатқаны жайлы жиі жазылады. Одан бөлек, аналитикалық порталдарда да жылжымайтын мүлік саласы жайлы ақпарат аз жарияланбайды. Пәтер сатамын деп шешсеңіз, жан-жақты талдаңыз. Сарапшылар қандай болжам айтып жатыр? Сұраныс қандай? Ұсыныс ше? Осыларды ескеру маңызды. Кей сәтте сәл күте тұрсаңыз, баспана бағасы өсуі мүмкін. Мысалы, ол жыл мезгіліне немесе елдегі белгілі бір өзгерістерге байланысты болуы ғажап емес. 

2. Пәтердің шын бағасын анықтау
Үй сатарда бағаны ауадан алып қоя салмасыңыз анық. Сіз тұратын жердегі, аумағы шамалас пәтерлердің бағасы қандай болып жатыр — соны білу керек. Егер күнделікті мониторинг жасап жүрсеңіз, қай хабарландырудың ұзақ тұратынын, қандайының тез өтіп кететінін де бірден байқай бастайсыз. Ұқсас ұсыныстардан сіздікінің қандай артықшылығы бар, соны ойлану қажет. Яғни үйдің іші әдемі, көршілер тату, аялдамаға жақын, жанында түрлі театр мен сауда орталығы бар дегендей басымдықтарды ойластырыңыз. Сондай-ақ, дәл сіздің пәтеріңізді неге алуы керек? Перде қымбат па, төсек жабдық бір ай бұрын ғана алынған ба, тұрмыстық техника сапалы ма? Егер бағасын белгілеуге қиналсаңыз, маман шақырып. Ол сізге нарықтағы бағасын айтып береді. Өйткені бағалаушы маманның шаруасы сол: нысанды қарап, кемшілігі мен артықшылығын анықтау, нақты санды атап, неге мұндай баға қойғанын түсіндіреді. Әлбетте, бұл қызмет ақылы.   

3. Кем-кетіктерді түзеу
Үйге кірген бойда жөндеу жұмысының қаншалықты жасалғаны көзге ұрып тұрады. Егер тұсқағаз жыртылып, су құбырының шүмегі әне-міне түсіп қалатындай боп тұрса — сатып алушы бағасын түсіруге тырысады. Сөйтіп кемшіліктерді тізбектеп шығады. Түбегейлі жөндеу жүргізудің қажеті шамалы. Бірақ көрер көзге тартымды болуы үшін біраз нәрсені жаңартқан артық болмайды.

4. Пәтерді реттеу
Пәтер алайын деп жатқанда бірнеше нұсқа қарап келген адам әр үйге барғанда ойша елестетіп, қай жерге не қоятынын көз алдына келтіре бастайды. Сондықтан сатуға шешім қабылдасаңыз, барынша жиһазды азайтып, кеңейтіңіз. Өйткені зат көп болып тұрса да, адамға кері әсер беруі мүмкін. Тағы бір айта кететін жайт: жарық мол болсын. Сонда пәтер әдемі боп көрінеді. Жарықшамның ең жақсысын салып қойыңыз. Әрине, мұның бір кемшілігі — кем-кетіктерді айқындайды. Әйтсе де, қап-қараңғы үйді алуға құлшыныс әлдеқайда азырақ болады деп ойлаймыз. Сонымен бірге, үйді тап-таза ұстау. Хабарландыру берсеңіз, міндетті түрде қоңырау шалып, үй көруге ниет білдіретіндер көбейеді. Ойламаған жерден дәл қазір қарап кетемін десе, абдырап қалмаңыз. Шашылып жатса, үйіңіз сұрықсыз көрінеді. Төбеден бастап әр шкафтың астындағы шаңды тазалап шығуға ерінсеңіз, бір рет клининг шақырыңыз. Олар жақсылап сүртіп, тазалап береді. Содан кейін еш қамсыз сатып алушыларды құшақ жая қарсы ала бересіз. Таза үй кірген бетте жағымды әсер сыйлайды. Ал енді шаң басып, заттар шашылып, біртүрлі иіс шығып тұрса, өзіңіз бағамдай беріңіз. Айтпақшы, жиһаз, кілем, перделерді де жуған абзал.    

5. Салған суретіңіз сапалы болсын
Бұл енді өте маңызды. Қаражатыңыз болса, кәсіби фотограф қызметіне жүгініңіз. Ал ондай мүмкіндік болмаса, ол жағдайда өзіңіз реттеп көруіңізге әбден болады. Қазіргі смартфондардың камерасы өте мықты. Анық түсіретін телефонмен жақсы суреттер шығара аласыз. Жарық кезде, дұрыс ракурста алып түсіріңіз. Бастысы, фотошопты қолданам деп, шынайы көрінісінен алыстап кетпеңіз. Өйткені сатып алушыны олай алдауға болмайды. Бүгінде үйге келіп көре алмайтындар видеобайланыс арқылы да шығады. Ондай нұсқаны да ұсына алатыныңызды көрсетіп қойыңыз.  

6. Өтірік сөз қоспаңыз
Саудада қымбатқа сату ғана емес, адал болуы да маңызды. Өзіңізді біреу алдап кетсе, қалай боласыз? Тым болмаса, дос-жаранға сатып жатқандай елестетіңіз. Сөйтіп хабарландыру мәтінін жазғанда барынша шынайы жазыңыз. Дегенмен ерекше әрі әдемі етіп ұсынуға кедергі жоқ. Айтқандай, артықшылықтарды тізуден қашпаңыз. Итальян жиһазы не неміс техникасы хабарландыруды одан әрі тартымды ете түседі. Үйдің ішін де, сыртын да сипаттаңыз. Қандай жерде орналасқанын баяндап беріңіз. Өйткені бұл шағын ауданды білмейтіндер де бар. Мектеп не балабақша жақын ба — жазыңыз. Сонымен бірге, қолма-қол ғана ма, әлде ипотекаға да келісесіз бе көрсеткен дұрыс. Сонда сізді әркім бір мазалай бермейді. Нақты сатып аламын деген адамға кемшіліктерді айтқан жөн.    

7. Бонустар ұсыныңыз
Айталық, көлік тұрағын да үйге қоса беретін болсаңыз, пәтердің жаңа иесі бір мәселені шешіп тастаған болады. Болмаса, жөндеу жұмыстарын жасайтын бригадир танысыңыз бар болса, жеңілдікпен жасап беретіндей келістіре алуыңыз мүмкін. Қолма-қол алуға ақшасы сәл жетпей тұрған, бірақ несие алғысы келмейтіндерге заңгер арқылы бекітіп, бөліп төлеу нұсқасын ұсынуға болады.  

8. Саудаласу
Әлбетте, сіз барынша қымбатқа сатқыңыз келетініндей, сатып алатын адам бағаны түсіруге тырысады. Тіпті хабарландыруды көрген бойда кемінде 20-30 пайыздай соманы ойша алып тастайтындар да бар. Себебі үлкен сома жүрген жерде бағаны түсіру болатыны белгілі. Бірден айтқан бағаңыздан түсе салмаңыз. Неге мұндай баға қойғаныңызды айтыңыз. Тіпті жағдайы бұдан әлдеқайда онша емес, инфрақұрылымы нашар үйлердің осындай бағада тұрғанын көрсеңіз, оны да мысал етіп көрсетуге болады. Саудаласқан жақсы. Егер саудаласа бастаса, көбіне ол адамның шынымен алуға ниетті екенін білдіреді. Түсуге дайын болыңыз. Бірақ барар жері қанша — соны нақты бекітіңіз. Одан артық түспеңіз. Кейде эмоция арқылы барынша арзан бағаға алып қалуға тырысып, қулыққа баратын әккі сатып алушылар кездеседі.

Сөйтіп кемшілік іздей бастайды, дәл осындай үйді арзанға тауып тұрғанын айтады, бірінші не соңғы қабатта орналасқанын сылтауратады дегендей. Ілік іздесе, табу қиын емес. Бастысы, шынайы болыңыз. Басымдықты айтыңыз, пәтердің жағдайын жақсартыңыз. Үйдің жаңа иесі сол жерде берекелі өмір сүргенін шын жүректен тілеңіз. Ең дұрысы, екі жаққа да тиімді болуы үшін өзіңіз беретін сомадан көбірек қылып бекітіп, келісім барысында түссеңіз болады.    

Сондай-ақ оқыңыз