Тұрғын үй құрылысы қарқынды. Баспана нарығындағы белсенділіктің сыры неде?

Жарияланды
Құрылыс компаниялары аса белсенді

Елімізде жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үйлер саны қарқынды түрде өсіп келе жатыр. Пандемия дағдарысына қарамастан құрылыс саласы еліміздегі тоқырауға ұшырамаған, табысын жоғалтпаған бірегей сала болып қалды. 

2020 жылы елімізде 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 140,2 мың пәтер азаматтар игілігіне берілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 21,2 пайызға жоғары көрсеткіш. Мемлекет белсенділікті 2021 жылы да сәтті жалғап әкететін сыңайлы. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл салынатын тұрғын үй көлемін 17 млн шаршы метрге жеткіземіз деп мәлімдеген болатын. Қаңтардың өзінде 6,8 мың пәтер пайдалануға беріліп үлгеріпті. Бұл дегеніңіз бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 22 пайызға алға кетуді аңғартады. Ведомство дерегінше, тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар да 33,6 пайызға өсіпті. 

Бұл ретте нарықтағы құрылыс компанияларының белсенділігін ерекше атап өткен жөн. Жеке меншік жер учаскелерінде баспана салған жеке адамдардың көрсеткіші 41,2 мың үй болса, құрылыс компаниялары бір жылда (2020 жылы) 99 мың пәтерді толыққанды аяқтаған. Осылайша, 10 пәтердің 7-еуін құрылыс компаниялары салып бітіріп отырған. 

Алайда нарықта жүрген құрылыс компанияларының барлығына бірдей сене беруге тағы болмайды. Өйткені жыл сайын алдын ала ақшасын беріп қойып, нәтижесінде не ақшасыз, не пәтерсіз қалған үлескерлер саны да азаймай отыр. Сондықтан елде сенімді құрылыс компанияларының рейтингі жасалуы мүмкін. Соңғы екі жылдың өзінде 123 құрылыс жүргізуші мекеме бастаған ісін аяқтамай, тұрғындардың сенімінен айырылған. 

Әзірге ондай рейтинг еш жерде жария етілмеді. Жарияланғанға дейін азаматтар сенімді дерек көздерінен ақпарат алып, кез-келген құрылыс компаниясы мен олардың ұсынған бағдарламаларымен мұқият танысқаны абзал. 

Energyprom.kz мәліметі бойынша, «Отбасы банк» ұсынып отырған ипотекалық несиелеу бағдарламасы аясында елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды өсе бастады. 2021 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша қазақстандық банктердің ипотекалық портфелі 2,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 34,5 пайызға көп. Ал экономикадағы несиелердің жалпы өсімі 6,7 пайыз өсім көрсеткен. Экономиканы несиелеудегі ипотеканың үлесі рекордты 16,5 пайызға жетіпті және ол әрі қарай өсуді жалғастырып жатыр. «Отбасы банк» портфелінің өзі 1,4 трлн теңгеге жеткен. Салыстырар болсақ, бұл көрсеткіш өткен жылдағы көрсеткіштен 36,8 пайызға жоғары. 

 

Сондай-ақ оқыңыз