Тоқаев Алматының проблемаларын шешу бойынша қандай тапсырма берді?

Жарияланды
Алматы – ел экономикасының басты көзірі

Алматы – ел экономикасының жүрегі іспетті. Қала мен оның маңында шоғырланған өлкелердің күллі ел экономикасының тамырына қан жүгіртіп жатқаны жасырын емес. Осы орайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны дамыту және оның проблемаларын шешу әркез басты назарда болуы керек деп санайды. 

Арнайы жиын өткізген президент 2020 жылдың қорытындысы бойынша Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын бар екенін атап өтті. Осы орайда ол ахуалдың құбылмалы сипатына назар аударып, босаңсуға болмайтынын айтты. 

   «Бұл мәселеде инноваторлар, жастар мен бизнес арасындағы тиімді қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Мұны дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады. Бұл жерде «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Краудфандинг, білім беру хабтары, бизнес-көмекшілермен арадағы арнайы инвестициялық кезеңдер сияқты технологиялар шетелде өздерін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы әкімдіктерде жаңаша түрленген экономиканы дамыту жөнінде түсінік пен өзіндік көзқарас бар.  Алматы қаласының тәжірибесін өзге өңірлерде қолдану қажет. Біздің жеріміз таланттарға бай. Жас орындаушылар, шығармашылық өкілдері аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы Үкіметке аталған бағыт бойынша толыққанды әрі заманауи нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеу механизмін әзірлеуді тапсырды. Президент бизнесті заңсыз араласудан қорғау мәселесін келесі маңызды міндет деп санайды. Бұл жерде бақылау-қадағалау немесе құқық қорғау қызметі кейпіндегі рейдерлік және бопсалау деректері жайында сөз болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша мұндай теріс іс-әрекеттерге қарсы күреске бағытталған заңнамалық шаралар топтамасы дайындалғанын мәлімдеді. Бұл бағыттағы тиісті жұмыстар Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін аяқталады. 

   «Түпкі мақсат – заңдылық тұрғысынан бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қатынастар моделінің мінсіз болуы. Сингапурды  жетістікке жеткізген үлгіні алуға болады. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі алға қойған мақсатқа жету жолындағы батылдыққа байланысты», – деді мемлекет басшысы.  

Сонымен қатар Президент шетелдік инвестицияларды қорғау мәселесіне де назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, инвесторлардың еліміздегі бизнестерін жайлы жүргізуі экономиканың табысты дамуына және азаматтардың әл-ауқатына ықпал етеді. 

   «Инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас мемлекеттік органдар үшін міндет болуға тиіс. Сондықтан құқық қорғау органдары мен басқа да өкілетті құрылымдарға инвесторлардың жұмысына негізсіз араласуға болмайтынын ескертемін», – деді президент. 

Президенттің айтуынша, соңғы 10 жылда Алматыға өзге елден келушілердің саны үш есеге артқан, ал, 2019 жылы бұл көрсеткіш 435 мыңға жеткен. Ішкі туризм бойынша да оң өзгерістер бар. Сондай-ақ ол Алматы Mercer компаниясы өткізетін беделді рейтингке қосылған бірден-бір қала екенін атап өтті.  Мемлекет басшысы аталған бағыттағы бірқатар проблеманы, оның ішінде, қызмет көрсету саласындағы олқылықтар жайында айтты. 

  «Қазіргі күрделі кезеңдегі біздің басты міндетіміз – жұмыссыздықтың күрт көбеюіне, жұмыс орындарының жаппай қысқаруына және тұрғындар табысының азаюына жол бермеу. Сонымен бірге іскерлік белсенділікті сақтау үшін бизнесті ынталандыру өте маңызды», – деді.

Президент қаладағы мектеп пен балабақша санының әлі де жетпей жатқанына назар аударды. Одан соң денсаулық сақтау саласына тоқталды. Оның айтуынша, бұл саладағы көптеген көкейтесті мәселелер коронавируспен күрестің көлеңкесінде қалып қойып жатыр. 

  «Жалпы, азаматтардың медициналық қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтынын айтуымыз керек. Медицина кадрларының жетіспеушілігі де көптің көкейіндегі күрмеулі мәселе. Бұл проблема жылдар бойына шешілмей келе жатыр. Әсіресе, кешегі төтенше жағдай режимі кезінде бұл мәселенің өзектілігі арта түсті. Қалаға 300-ге жуық дәрігер қажет. Бұл өте көп. Егер Алматыда жағдай осындай болса, онда шет жатқан аймақтар туралы не айтуға болады?! Аталған жағдайды қаланың денсаулық сақтау басқармасындағы кадрлардың тоқтаусыз ауысуы ушықтырып жіберіп отыр. Онда жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтар орын алды. Қалай айтсақ та, денсаулық сақтау басқармасында тұрақтылық болған жоқ. Әкімдік бұл мәселелерді шешумен нақты айналысу керек», – деді Тоқаев. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке қала құрылысының интерактивті картасын әзірлеуді ұсынды. Бұл, ең алдымен, осы саладағы жұмыстың мейлінше ашық болуы үшін қажет. Президент қоғамдық бақылаудың қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, құрылыс жүргізу үшін Қоғамдық кеңестің келісімі талап етілетін жерлер картада айқын белгіленуге тиіс. 

«2021 жылы Абай даңғылын бөлуді аяқтау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа екі миллиард теңге мөлшерінде қосымша қаржы керек екені анықталып отыр. Барлық шығындарды бірден нақты жоспарлауға болмай ма? Әлде мұның басқа бір себептері бар ма?», – деді. 

Президент «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығының құрылысын сынады. 

«Бұл – әсіресе, қала іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. «Алматы – Бішкек» тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Асқар Ұзақбайұлы, Алматы және Алматы облысының әкімдерімен бірлесе отырып, «Райымбек – Алматы» учаскесінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын» деп үкімет басшысына тапсырма жүктеді. 

Президент өз сөзінде экологияға, оның ішінде, екінші ЖЭО-ның қайта жөндеу жұмыстарының бағасын қымбаттатпауға және оны созбалаңға салмауға, үшінші ЖЭО-ны жаңғыртуға, жеке секторға газ тартуды аяқтауға, көліктерге жанар-жағармайдың таза түрлерін пайдалануға, қалдықтарды пайдаға жаратуға, Сайран су қоймасы айналасындағы аумақты абаттандыруға және қалпына келтіруге ерекше тоқталды. 

Сондай-ақ оқыңыз