Президент «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығының құрылысын сынға алды

Жарияланды
Бұл – қала іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі

Президент 2020 жылдың қорытындысы бойынша Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын бар екенін атап өтті. Осы орайда ол ахуалдың құбылмалы сипатына назар аударып, босаңсуға болмайтынын айтты. Бұл туралы akorda.kz сайты мәлімдеді.

Мемлекет басшысы бизнеспен «кері байланыс» орнатудың нақты әрі тиімді тетігін жолға қою қажеттігін жеткізді. Бұл ретте Президент қала әкімінің жанындағы Іскерлік кеңестің конструктивті жұмысын мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қаланы одан әрі дамыту үшін өсімнің жаңа бастаулары қажет деп санайды. Мұндай бағыттардың бірі жаңаша түрленген экономика.

Бұл мәселеде инноваторлар, жастар мен бизнес арасындағы тиімді қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Мұны дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады. Бұл жерде «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Краудфандинг, білім беру хабтары, бизнес-көмекшілермен арадағы арнайы инвестициялық кезеңдер сияқты технологиялар шетелде өздерін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы әкімдіктерде жаңаша түрленген экономиканы дамыту жөнінде түсінік пен өзіндік көзқарас бар.  Алматы қаласының тәжірибесін өзге өңірлерде қолдану қажет. Біздің жеріміз таланттарға бай. Жас орындаушылар, шығармашылық өкілдері аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкіметке аталған бағыт бойынша толыққанды әрі заманауи нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеу механизмін әзірлеуді тапсырды.
Президент «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығының құрылысын сынады.

 «Бұл – әсіресе, қала іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. «Алматы – Бішкек» тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Асқар Ұзақбайұлы, Алматы және Алматы облысының әкімдерімен бірлесе отырып, «Райымбек – Алматы» учаскесінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Алматы үлкен айналма күре жолын қаланың орталығымен байланыстыратын жолдар туралы пікірін айтты.

 «2021 жылы Абай даңғылын бөлуді аяқтау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа екі миллиард теңге мөлшерінде қосымша қаржы керек екені анықталып отыр. Барлық шығындарды бірден нақты жоспарлауға болмай ма? Әлде мұның басқа бір себептері бар ма?» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 

Сондай-ақ оқыңыз