Елдегі бензин бағасына қатысты сарапшылар не дейді?

Жарияланды
Қазақстандағы бензин жай шикі мұнай құнынан арзан

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, елдегі мұнай өнімдерінің жиынтық қоры жеткілікті деңгейде. 225 мың тонна бензин 20 тәулік бойы қажеттілікті қамтамасыз ете алады. Ал 298 мың тонна дизель отыны ішкі нарықтың қажеттілігін 27 тәулікке қамтамасыз етеді.

 «Баға белгілеу кезіндегі негізгі факторлар – Қазақстан Республикасындағы мұнай құны, процессинг, салықтар мен акциздер, зертханалық сынақтар мен қоспалар бойынша шығындар, банктік қарыздарға қызмет көрсету, цистерналарды беру-жинау, тауарды тасымалдау және басқа да ілеспе шығындар болып табылады. Тұтынушылар үшін түпкілікті баға мұнай өнімінің көтерме құны, автожанармай құю станциясына дейінгі барлық көлік шығындары, мұнай базаларында сақтау, бөлшек саудада өткізушінің шығыстары, сондай-ақ акциздер мен салықтар негізінде қалыптасады» деді вице-министр Әсет Мағауов. 

Оның айтуынша, ҚР ішкі нарығында жанар-жағармай бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады, яғни нарықпен реттеледі. Қазір елдегі орташа алғанда бензин бағасы 160 теңге шамасында. Өзге елдермен салыстыратын болсақ, бұл әлдеқайда төмен. Мысалы, Қырғызстанда 92-бензин бағасы литріне 185, Өзбекстанда 260 (63% жоғары), Ресейде 255 теңге (59% жоғары).

 «Нарықтық экономика жағдайында бағалар бір жыл бұрын өсуі керек еді, бірақ тұтынудың төмендеуі мен пандемияға байланысты 2020 жылдың қаңтарынан бастап қайта өңдеуге арналған акциздердің өсуіне қарамастан, олай болмады. Біз бағаның өскенін, одан кейін төмендегенін байқаған жоқпыз. Сол кездің өзінде мұнай өндіруші және өңдеуші компаниялар үшін бағалар тұтастай алғанда шығынды болды. Бір жыл бұрын көптеген «сарапшылар» мұнайдың әлемдік бағасы 3 есе төмендеді, яғни Қазақстанда да баға 3 есе төмендеуі тиіс деп айтты. Бірақ ішкі нарықтағы бағалар бұрыннан «дотациялық» және олар әлемдік бағадан едәуір төмен. Бензин бағасы неден құралады? Мұнай өндірудің өзіндік құны, МӨЗ-ге дейін тасымалдау бар. МӨЗ-де мұнай өңдеу бар. Сондай-ақ, дайын мұнай өнімдерін ЖМҚС желілеріне дейін жеткізу қажет. Әрине, жанармай құю станцияларының да өз шығындары бар. Айта кетейік, маржа бұрын 3-5 теңге болса, қазір ол литріне 1-3 теңге шамасында, тіпті одан да төмен. Brent сорты – мұнайдың эталондық түрі, біздің мұнай, мұнайдың басқа да көптеген түрлері сияқты, сапасының әр түрлі болуына және өзге де экономикалық себептерге байланысты осы көрсеткішке қарап, дисконтпен/жеңілдікпен сатылады» дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов. 

Оның айтуынша, орташа дисконт барреліне шамамен 3 долларды құрайды. Яғни, бүгінде әлемдік баға 67 доллар деңгейінде қалыптасты, біздің мұнай барреліне шамамен 27 200 теңгеден сатылады/сатып алынады. Бір баррельде шамамен 160 литр, бұл көлем өлшемі. 27 200-ді 160-қа бөлсек, 170 теңге шығады. Бұл әлемдік мұнайдың 1 литрінің бағасы. Қазақстанда қазір бензин бағасы – 160 теңге шамасында. Яғни, Қазақстандағы бензин жай шикі мұнай құнынан арзан деген сөз. 

Жеткізу және басқа да шығындарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынынына баға 21-22 теңге/литр құрайды, яғни автожанармай құю станциясымен салыстырғанда 13-14% төмен болады деп жоспарланған. Әсет Мағауовтың сөзінше, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін мұнай өңдеу зауытынан дизель отынын тиеп-жөнелту басым негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте тиеп-жөнелтуді бақылау және мониторингтеу тәулік сайынғы негізде жүзеге асырылады.

  «Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп «Көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды МӨЗ-дерге және ресурс ұстаушыларға бекіту кестесін» бекіттік. Кесте аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тоннасына 174 000 теңге Павлодар мұнай-химия зауытынан және «Петро Қазақстан ойл Продакс» бағасымен беріледі. Атырау мұнай өңдеу зауытынан тоннасына 172 000 теңгеден жеңілдетілген дизель бөлінеді. Кесте бойынша бағамен 380 мың тонна дизель отыны қарастырылған» деді вице-министр.

Бұл ретте спикер министрліктің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынына арзандатылған бағаларды заңнамалық бекіту құзыреті жоқ екендігін атап өтті. Бірақ ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшін дизель отынының құны жанар-жағармай нарығына қатысушылармен келісім жолымен айқындалады және мұнай өнімдері ресурс ұстаушылардың өздері ерікті түрде белгілейді.

Сондай-ақ елімізде 1 наурыздан бастап автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларын уақытша мемлекеттік реттеу алынып тасталды. Бұл туралы энергетика министрлігінің газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Қуаныш Сәрсекеев хабарлады.
Ол сұйытылған газды сатуды уақытша мемлекеттік реттеу 2020 жылы сәуірде енгізілгенін түсіндірді. Оған ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі негіз болған. 

Бұл ретте энергетика министрлігі ай сайын ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын қалыптастыруды жалғастыруда. Көлемнің төрттен бір бөлігі электронды сауда алаңдары арқылы сатылады. Қалғаны министрлік тоқсан сайын бекітетін көтерме шекті баға бойынша беріледі.

 «2021 жылдың I тоқсанына баға ҚҚС-сыз 38 701 тг/тонна деңгейінде бекітілді, бағалар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгерген жоқ. 2020 жылдың 3 тоқсанын қоспағанда, сұйытылған газға әлемдік бағаның төмендеуіне байланысты құны ҚҚС-сыз тоннасына 28 000 теңгеге дейін төмендеді» деп атап өтті ведомство өкілі.

«Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастықтар мемлекеттік органдарға бұйрықтың қолданылу мерзімін шектеу туралы бірнеше рет өтініш білдірді. Оны ұзартқан жағдайда кәсіпкерлерде, яғни ЖМҚС иелерінде штат пен қызметкерлердің жалақысын қысқарту тәуекелі болды. Сондай-ақ жекелеген өңірлерде белгіленген төмен бағалар газ көлемінің неғұрлым жоғары бағалармен басқа өңірлерге ағылуына ықпал етуі мүмкін. Бұл сұйытылған газ тапшылығын тудыруы мүмкін.
 

Сондай-ақ оқыңыз