БЖЗҚ төлем алуға өтініш бермеген зейнеткерлерді іздестіреді

Жарияланды
Қордан төлемдер жасалмайтын 200 мыңнан астам шот бар

БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйелерінде Қордан төлемдер жасалмайтын 200 мыңнан астам шот бар. Сонымен қатар, бұл шоттардың иелері зейнеткерлік жасқа жетіп, мемлекеттік бюджеттен зейнетақы алады. Олардың көпшілігі 2018 жылдың 11 қазанына дейін зейнетке шыққан. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады. 

БЖЗҚ салымшылардың деректерін сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізіп,  2021 жылғы 1 сәуірден бастап Қордан төлемдер жүзеге асырылатын тұлғалардың тізімін жасақтады. Енді осы санатта бар адамдардың телефон нөмірлеріне (ол мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша белсенді қызмет көрсету ұсынылған sms-хабарлама жолданады. 

Келісім алынғаннан кейін бұл азаматтарға БЖЗҚ-дан төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияға алушылардың жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ұсынған банк шоттарына жіберілетін болады.

2018 жылғы 11 қазаннан бастап зейнеткерлік жасқа толуға байланысты бірыңғай өтініш беруге болатын «бір терезе» қағидаты бойынша композиттік қызмет енгізілгенін еске саламыз. Оның аясында зейнеткерлік жасқа толған алушы бірыңғай өтінішпен және құжаттар топтамасымен Мемлекеттік корпорация бөлімшелеріне (яғни ХҚО-ға) жүгінеді.

Сондай-ақ оқыңыз