Жер қойнауын пайдаланушылар сатып алу қызметін дербес реттей алады

Жарияланды
Ерікті келісімдер жасасу тетігі енгізілмек

Жер қойнауын пайдаланушылар сатып алу қызметін дербес реттей алады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды primeminister.kz. 

Бірінші, ағымдағы жылы бес жылдық өтпелі кезеңнің аяқталуына байланысты жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық тауарларды сатып алу міндеттемесі жойылды. Өндірушілерді қолдау ретінде жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті тауарларды сатып алу бойынша Ерікті келісімдер жасасу тетігі енгізілетін болады.

    «Бұл ретте, жер қойнауын пайдаланушылар сатып алу қызметін өздері дербес реттей алады. Тиісті заңды түзетулер Парламент Мәжілісінің қаралуында»,- деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуына қатысу үшін тауар өндірушілер мен адал жеткізушілердің тізілімін бекіту және  сатып алу процестерінде ұлттық стандарттарды қолдану бойынша қосымша қолдау шаралары пысықталып жатыр.   Екінші, «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық орталығы жобасын іске асыру мақсатында өзбек тарапымен оның орналасатын жері келісілді.

    «Біз жер телімін бөліп, инвестормен келіссөздер жүргізудеміз. Алайда, өзбек тарапының позициясы өзгеруіне байланысты жобаны іске асыру процесі кешіктіріліп жатыр. Осыған орай біз жобаны іске асырудың қосымша нұсқаларын қарастырудамыз. Жалпы, бұл Орталық Өзбекстанмен шекаралық сауданы ұлғайтуға ықпал етеді», – деді Бақыт Сұлтанов.

Үшінші, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тиімді қалыптастыру министрліктің тұрақты бақылауында. Министрдің айтуынша, өткен жылғы 11%-дық өсім импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған негізгі 5 тауарға байланысты болды, олардың үлесі  8,9% құрады.

Бағаны түбегейлі тұрақтандыру үшін министрлік бірқатар кешенді шараларды ұсынады:

Біріншіден, әкімдіктер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет.

Екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларының өндірісін ұлғайту қажет.

Үшіншіден, сауданы цифрландырумен қатар, Ұлттық тауар өткізу жүйесін іске асыру керек.  

Жалпы, 24 көтерме-тарату орталығы салынады. Оның ішінде 2022 жылы Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында, және Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында 7 көтерме-тарату орталығы іске қосылады. Сонымен бірге В2В платформасы енгізіліп, әлеуметтік әмиянмен интеграцияланатын болады.

Төртінші, шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл аясында: техникалық реттеу жүйесін цифрландыру; «Сәйкестікті бағалау туралы» жаңа заңды әзірлеу; шекаралық сынақ зертханаларын құру; таңбалауға арналған тауарлар тізімін кеңейту ұсынылады. 

Сондай-ақ оқыңыз