Қазақстанда ешкі сүтінен ірімшік өндірісі ашылады

Жарияланды
Өндіріске бастапқы инвестициялардың көлемі 1 млн. еуроны құрайды

Қазақстан Франциядағы Елшіcі Жан Ғалиев «D. A. E.» компаниясының басшысы Давид Аммёмен кездесті. Келіссөздер барысында француз кәсіпкері жергілікті шикізат пен жұмыс күшін пайдалана отырып, Алматы облысында ешкі сүтінен ірімшік өндірісін ашу туралы жоспарларымен бөлісті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Өндіріске бастапқы инвестициялардың көлемі 1 млн. еуроны құрайды. Жобаны қаржыландыруға «Kairos Advice» халықаралық инвестициялық-консалтингтік компаниясының Бас директоры Айгүл Саинова да қатысады. Өндірісті дамыту үшін Франциядан асыл тұқымды мал импорты, сондай-ақ технологиялар трансфері мен тәжірибемен бөлісу көзделеді.

Елші бұл жоба Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың басым салаларының бірі болып табылатын ауыл шаруашылығына сәйкес келетінін атап өтті. Оның айтуынша, ешкі сүтінен жасалған ірімшіктің ЕАЭО, ҚХР және Орталық Азия елдерінің нарықтарына жеткізудің елеулі әлеуеті бар. Елші аталған жобаға ҚР СІМ, «Kazakh Invest «ҰК» АҚ және басқа да мүдделі ведомстволар тарапынан қажетті сүйемелдеу көрсетілетініне сендірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Давид Аммё Қазақстан Елшілігіне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Француз инвесторы алдағы уақытта жобаны бастап, ешкі ірімшігінің алғашқы партиясын тұтынушыларға ұсыну үшін Қазақстанға баруды көздеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз