Елордада өрт саны азайды

Жарияланды
Жүргізілген алдын алу жұмыстарының арқасында

Жүргізілген алдын алу жұмыстарының арқасында соңғы 6 жылда өрт және оның зардаптары бойынша көрсеткіштерді ескере отырып, елордада өрт санының 4%-ға, адамдардың қаза болуы 18,5%-ға, жарақаттануы 24%-ға төмендеуіне қол жеткізілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өрттерден келтірілген материалдық шығын 35 млн.теңгеден асты, бұл ретте 1 млрд. теңгеден астам сомадағы материалдық құндылықтар құтқарылды.

 «Жыл сайын өрттердің орташа 50%-ы тұрғын үй секторына тиесілі, оның ішінде 57%-ы – жеке меншік сектор, 26%-ы – көпқабатты тұрғын үйлер, 17%-ы – өзге де тұрғын үйлер және шаруашылық құрылыстар. Барлық тіркелетін өрттердің 60%-ы күзгі-қысқы кезеңге келеді. 2020 жылы өрттердің шығу себептерін талдау барысында мынадай негізгі себептері анықталды: электр желілері мен электр қондырғыларын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, тұрғындардың абайсыз пайдалануы», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаев.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өрт салдарынан 22 адам қаза тапты. Олардың арасында балалар жоқ. Ал қаза болғандардың 16-сы өрт кезінде мас күйінде болған. Жарақат алғандар саны 46 адам. Оның ішінде балалар – 6.

Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорданың жеке секторында жылыту маусымы кезеңінде өрттердің алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізуде. «Өрт қауіпсіздігі айлығы» басталғаннан бері 2020 жылдың 15 тамызынан бастап 42 мыңнан астам ауланы аралап, өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамалар таратылды, олардың барысында 55 мыңнан астам адамға нұсқау берілді.

Қалалық ПИК қауымдастығымен және аудандық әкімдіктермен өзара іс-қимыл кезінде ПИК төрағаларымен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер өткізілді. «WhatsApp» арқылы жалпы үйлік чаттары, ата-аналар чаттары қолданылып, тұрғындарды тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі шаралары және балалардың отпен ойнауының алдын алу туралы хабардар етеді.

 

Сондай-ақ оқыңыз