Алматыда 35 мың адам жұмыспен қамтылды

Жарияланды
Жұмыспен қамту орталығы арқылы

Алматыда бір жыл ішінде Жұмыспен қамту орталығы арқылы 35 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

ӨКҚ-де өткен брифингте Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова халықты жұмыспен қамту шаралары туралы айтып берді.

Спикер нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы туралы айтты. 

Бұл бағдарлама үш бағыт бойынша іске асырылуда: 
1) Еңбек нарығында талап етілетін мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. 2020 жылы қысқа мерзімді кәсіптік курстарға 1005 адам жіберілді
2) Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, кредиттер мен гранттар беру. Осы бағыт бойынша өткен жылдың қорытындысы бойынша бизнес-идеяларды іске асыруға 1705 мемлекеттік грант және 154 микрокредит берілді.
3) Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. 

«Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты мынадай міндеттерді іске асыруды көздейді:
1) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу;
2) еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру;
3) жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаңды дамыту.

«Бағдарламалар халықты жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығымен 2020 жылы 34 855 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде „Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020“ бағдарламасы аясында 10 958 адам жұмысқа орналастырылды», — деді Диляра Иманқұлова.

Бар бос жұмыс орындары туралы сұраққа жауап бере отырып, спикер АТ-мамандықтарға сұраныстың өсіп келе жатқанын атап өтті.

2021 жылға арналған басты міндет жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен барынша қамту, жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаңды дамыту болып табылады. 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз