«Отбасы банктен» телефон арқылы есепшот ашуға нұсқаулық

Жарияланды (жаңартылды )
Смартфоннан есепшотты қалай оңай әрі тез ашуға болады?

«Отбасы банктің» біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор болып ресми түрде тағайындалғанын осыған дейін жазған едік. Сонымен қатар есепшотты ашудың бірнеше тәсілін де назарыңызға ұсынғанбыз. Бүгін смартфон арқылы, оңай әрі тез ашудың жолдарын айтамыз.

Алдымен есепшот туралы аз-кем түсіндірме беріп кетейік. Біржолғы зейнетақы төлемдеріне (БЗТ) арналған ағымдағы банк есепшотын тұрғынүй жағдайын жақсартып не денсаулығын түзеу мақсатында зейнетақы жинағының бір бөлігін алғысы келетін адамның ашуы міндетті. Себебі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан түсетін біржолғы зейнетақы төлемдері сол есепшотқа аударылады.   

Банктегілердің кеңесіне сүйенсек, бірінші кезекте арнайы ағымдық есепшотты «Отбасы банк» АҚ-ның клиенті емес адамдардың ашқаны жөн. Ол үшін мынадай қадамдар жасау керек: 

•    Ұялы телефоныңызға ЖССБ24 деп аталатын мобайл қолданбаны жүктеңіз. IOS және Android операциялық жүйелеріне арналған.

•    Басты бетке кірсеңіз, төменгі жақта  «Біржолғы зейнетақы төлемдеру үшін есепшот ашу» дегенді көресіз. Соның үстінен басып, кіріңіз.

•    Одан соң қазір қолданып жүрген ұялы телефон нөмірін және ЖСН-іңізді енгізіңіз.

•    Артынша нөміріңіздің рас екенін тексеру үшін құпиясөз келеді. Сол кодты енгізіп, растаңыз.

•    Бұдан кейін жеке куәлігіңіздің алды-артын сканерлеуіңіз керек.

•   Одан соң, жеке басыңызды растауды сұрайды. Ол үшін экранға қарап, істе деген қадамдарды жасауыңыз керек. Бастысы, отырған жеріңіз жарық, басыңызда бас киім болмасын. Өйткені қараңғы әрі бас киім киіп отырсаңыз, идентификация жасалмайды. Тағы бір ескере кететін жайт, сіздің орныңызға басқа адам өте алмайды. Объективте өзіңіз ғана болуыңыз керек. Яғни бірнеше адам болса да өткізбей қояды. 

•    Верификациядан сәтті өтсеңіз, клиент анкетасы деген жерге өзіңіз жайлы деректер жазып, толтырыңыз.

•    Кейін қойылған сұрақтарға жауап беріп, «келісемін» деп басасыз. Содан соң алдыңызда өтініштің нұсқасы шығады. Оған да келісетініңізді білдіріп, мақұлдайсыз. Әлбетте, алдымен толық әрі мұқият танысып шығу керек.

•    Бұдан соң өтінішіңізді қабылдау үшін телефон нөміріңізге тағы бір мәрте СМС код келуі тиіс. Соны енгізіп, растаңыз. 

•    Одан кейін интернет-банкингке кіру үшін құпиясөз ойлап табыңыз. Кейбір ұялы телефонда саусақ ізімен немесе Face ID арқылы кіруге рұқсат сұрайды. Сондай тәсіл ыңғайлы деп тапсаңыз, баптауларда реттеп қойсаңыз болады. Ал негізі мобайл қолданбаға кіру үшін 4 саннан тұратын құпиясөз ойлап табуыңыз қажет. 

•    Міне, осы қадамдарды жасасаңыз, есепшот ашылады. Аса ұзақ уақыт алмайды, қадамдары да қиын емес. Бастысы, компьютер қажет болмайды. Айтпақшы, мобайл қолданба арқылы тіркелу енді іске қосылғанын ескерсек, кейде жүйе қатып қалуы мүмкін. Себебі тіркелушілер де, өтінім берушілер де көп болады. Электронды қызмет алу уақыты — дүйсенбі мен сенбі аралығында таңғы сағат 09:00 мен кешкі сағат 21:00 кезі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз