2021 жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Жарияланды (жаңартылды )
Биыл жаппай декларациялау басталады

2021 жыл Қазақстан экономикасы үшін аса жауапты жыл болмақ. Осы орайда биыл болатын заңдық, әлеуметтік һәм экономикалық өзгерістердің бір парасын назарларыңызға ұсынып көрейік.

ЖАППАЙ ДЕКЛАРАЦИЯ

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаппай декларациялау басталады. Мемлекет осы бастама арқылы жемқорлықпен, көлеңкелі экономикамен күресіп, қазына қаржысын молайтпақ. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген азаматтар мен олардың жұбайлары табыстарын тапсырады. Жаппай декларациялау аясында мемлекеттік қызметшілер жеке меншігін, активтерін, дебиторлық-кредиттік қарыздарын, инвестициялық алтындарын, қолма-қол ақшасын және авторлық құқығын жасырмай көрсетуі керек. Декларациялаудың екінші кезеңі 2023 жылдың 1 қаңтарынан, үшінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарынан, төртінші кезең 2025 жылдың 1 қаңтарынан басталады.

НЕГІЗГІ ҚАРЖЫЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2917 теңге, төменгі жалақы мөлшері – 42 500 теңге, төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері – 18 524 теңге, төменгі зейнетақы мөлшері – 43 272 теңге, төменгі күнкөріс деңгейі – 34 302 теңге болып бекітілді. 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері 7 пайызға өседі.

САЛЫҚ

2020 жылы елімізде салық амнистиясы жүргізілгені белгілі. Оның аясында азаматтар негізгі қарыз сомасын төлеу арқылы, өсімпұлды (пеня) төлеуден құтылды. 2020 жылдың 4 желтоқсанындағы дерек бойынша салық амнистиясын 800 мыңнан астам қазақстандық пайдаланған. Олар 11,5 млрд теңге негізгі қарыз сомасын төлеп, 1,4 млрд теңге шамасындағы пеня кешірілген. Енді салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша, 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін көлік салығын төлеп үлгере алмаған азаматтар бұл мүмкіндікті 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін пайдалана алады. Қазіргі кезде қазақстандықтардың көлік салығының қарызы 14 млрд теңгені құрайды. Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айнұр Сартаеваның айтуынша, транспорт салығынан түскен қаржының барлығы жергілікті бюджетке аударылады. Бұл олардың әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік бермек.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАРЖЫСЫН ПАЙДАЛАНУ

Биылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы қорында жиналған қаржысының бір бөлігін алу арқылы, тұрғын үй жағдайын жақсарта алады немесе оны ем-домға жұмсайды. Қаржыны алу кезінде жеке табыс салығы ұсталады. Бірақ аталған салық бірден емес, зейнет жасына жеткен соң бөліп төлеу арқылы ұсталады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, зейнеткерлер зейнетақы жинағының 50 пайызын алса, БЖЗҚ-да жинағы бар, тиісті жаста «жеткілікті шектен» асатын сомасы бар азаматтар қаражаттың бір бөлігін алады. Шамамен 800 мыңға жуық азаматтың әрқайсына 2,3 млн теңгеден келуі мүмкін.

Үшінші санатқа жататындар – зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және қорда қаржы жинағы бар азаматтар. Жалпы, үш санат бойынша 1 млн адам бұл мүмкіндікті пайдаланады деп болжанып отыр.

Зейнетақы төлемін мақсатты пайдалану бойынша бірыңғай оператор қызметін «Отбасы банкі» атқаруы мүмкін. Аталған банк жақын арада халыққа ыңғайлы онлайн платформа ұсынады. Аталған платформада азаматтар зейнетақы қаржысының бір бөлігін алу бойынша онлайн өтініш бере алады. Бұл тақырып туралы мына сілтемеге өту арқылы кеңінен танысуға болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есептеуінше, 30 жастағы азаматтар үшін жиналған болуы тиіс қаражаттың шекті мөлшері – 2 млн 518 мыңды құрайды. Азамат осы ақшаның үстінен қажетіне сай қаражат алады. 35 жастағылар үшін – 2 млн 961 мың; 40 жас – 3 млн 437 мың; 45 жас – 3 млн 947 мың; 50 жас – 4 млн 495 мың; 55 жас – 5 млн 084 мың; 59 және одан жоғары жастағылар үшін – 5 млн 586 мың теңге болып бекітілген.

ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ

Биылдан бастап Қазақстанда тұтынушылар құқығын қорғайтын бірыңғай ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Құқығы бұзылған азамат аталған ақпараттық жүйе арқылы сатушының немесе сауда субъектісінің үстінен шағым түсіре алады. Осындай ереже енгізу үшін «тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, тұтынушылар құқығын қорғаудың үш деңгейлі жүйесі анықталды.

ВАКЦИНАЦИЯ

Қазақстандық вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурызында басталады. Алғашқы кезекте медициналық қызметкерлер, мұғалімдер және созылмалы ауруы бар адамдарға салынбақ. Қазіргі кезде QazCovid отандық вакцинасы барлық үш сынақ кезеңінен де өтті. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов 28 желтоқсан күні өткізген брифингте қазақстандық вакцина сынақ кезінде жоғары тиімділік көрсетті деп мәлімдеді.

«Екі вакцина да жоғары тиімділік көрсетті: ресейлік «Спутник V» вакцинасы – 92 пайызға дейін, қазақстандық «QazCovid» 96 пайызға дейін. Бұл өте жоғары көрсеткіш» деген еді Шоранов.

Қазіргі таңда вакцина өндірісі бойынша биофармацевтикалық зауыт құрылысы жүріп атыр. Зауыт 2021 жылдың наурыз айында пайдалануға берілмек. Зауыт жылына 60 млн доза вакцина өндіруге қауқарлы.

БІЛІМ САЛАСЫ

2021 жылдан бастап білім саласын басқару жүйесі өзгереді. Бұдан былай аудандық және қалалық білім бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзіреті облыстық білім басқармасына берілмек.

«Мектеп пен балабақша облыста бір орталықтан ғана басқарылса, қаржыландыруды теңестіру және арттыру мәселесі кешенді түрде шешімін табады. Бұл бастама шағын ғана бюджеті тек еңбекақы төлеу қорына ғана жететін аудандар үшін де ыңғайлы» дейді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Еске салайық, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық педагогтердің жалақысы 25 пайызға көбейеді.

Сондай-ақ оқыңыз