1 ақпаннан бастап Алматы қаласы толығымен цифрлы эфирлік телевизияға көшеді 

Жарияланды
Жобаны жүзеге асыру 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған

1 ақпаннан бастап Алматы қаласы толығымен цифрлы эфирлік телевизияға көшеді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

2021 жылдың 1 ақпанында Алматы қаласында «Көктөбе» телемұнарасында цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшу бойынша іс-шара өтеді. Өңірде цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін енгізу мемлекеттік жобасы жүзеге асырылды.

Ұзындығы 400-метрге жуық құрылым әлемдегі ең биік, әрі сейсмотұрақты мұнара болып табылады. «Көктөбе» телемұнаралардың әлемдік рейтингінде 14-ші орынды иеленеді. Оның құрылысы 9 жылға созылып, алғаш рет 1984-жылы сигнал таратқан болатын. Қазіргі уақытта мұнара елімізде телевизия сигналын цифрлық форматқа ауыстыру процесіне қатысатын маңызды нысандардың бірі. Бүкіл Қазақстан бойынша телерадиохабар тарату желісін бақылау және мониторингтеу орталығы Көктөбеде орналасқан.

Алғаш рет елімізде цифрлық телевизия 2012 жылы 3 шілдеде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Индустриализация күні» шарасы аясында  іске қосылған болатын. Содан бері бүкіл республика бойынша радиотелевизиялық странцияларды салып, модернизиациядан өткізу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді.

Алматы қаласы мен Алматы облысында 90 радиотелевизиялық станция қолданысқа енгізілді. Бұл РТС-тер 736 елді мекенді цифрлық телесигналмен қамтамасыз етіп отыр, яғни қала мен облыс тұрғындарының 99 пайызы, шамамен 3,8 млн тұрғын ЦЭТВ желісінде арналарды тамашалуға мүмкіндігі бар.

Бүгінгі таңда цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі барлық облыс орталықтарында және бірқатар облыстарда қол жетімді: Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласы толықтай көшіп қойған. Енді 1 ақпанда Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысын толық көшіру жоспарланып отыр. Бүкіл Қазақстан бойынша аналогтық телехабар тарату желісін өшіру үшін 827 радиотелевизиялық станция тұрғызылып, модернизациялану керек.

Қазіргі уақытта  546 радиотелевизиялық станция іске қосылды. Соның нәтижесінде ЦЭТВ-ның қамту аумағы ел халқының 91 пайызын құрап отыр. Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін енгізу жобасы 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. ЦЭТВ-ге көшудің мерзімдері мен кезеңдерін ҚР мемлекеттік құзырлы орган бекітеді.  

1 ақпанда Алматы қаласымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы да цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшеді. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін Нұрсұлтан қаласы мен Қарағанды облыстары кезекте тұр. 

Жобаны жүзеге асыру 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз