Катар инвесторларына құны $2,2 млрд жобалар ұсынылды

Жарияланды
Жобалардың саны 10-нан асады

Катар инвесторларына құны $2,2 млрд жобалар ұсынылды. Бұл туралы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.  

Инвестициялық жобалар ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының Орынбасары Тимур Сүлейменовтің Катар мемлекетіне сапары барысында ұсынылды. Делегация құрамына ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Асқар Шоқыбаев және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев, сондай-ақ «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма Төрағасы Қанат Құдайберген және АХҚО басқарушысының аға кеңесшісі Серік Мырзахметов кірді.

Сапар барысында аса ірі катарлық «Qatar Mining», «Qatar Investment Authority», «Alfardan» компанияларымен, сондай-ақ банктер және қаржы институттарымен бірқатар кездесулер өткізілді. Бірлескен келіссөздер шеңберінде KAZAKH INVEST Басқарма Төрағасы Бауыржан Сартбаев Қазақстанға инвестициялаудың басты артықшылықтары туралы айтып, елдің инвестициялық климатын таныстырды. Б.Сартбаевтың айтуынша, KAZAKH INVEST Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін үнемі талдап, инвесторлар үшін тартымды әлеуетті тауашалар мен жобаларды анықтайды. Бүгінде компания әлеуетті инвесторларға біздің кешенді қолдауымызбен түрлі секторлардағы нақты жобаларды ұсынуға дайын.

   «Қазақстан Үкіметі инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетеді.Оған түрлі преференциялар, салықтық және фискалдық емес жеңілдіктер кіреді. Әлеуетті инвесторлар үшін біз ел туралы барлық қажетті ақпаратты, сондай-ақ салалар бойынша шолуларды және ең бастысы, біздің ұжымхалықаралық консультанттармен бірлесіп дайындаған нақты инвестициялық жобаларды ұсынамыз», – деп атап өтті Бауыржан Сартбаев.

Кездесу барысында араб инвесторларына шамамен $2,2 млрд сомасына тау-кен металлургия және агроөнеркәсіптік кешен мен туризм саласындағы 10-нан астам жоба ұсынылды.Келіссөздер қорытындысы бойынша катарлық компаниялар АӨК және ТМК салаларында бірқатар жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.
 

Сондай-ақ оқыңыз