Елімізде жаңа 100 теңгелік монеталар пайда болды

Жарияланды
Айналымда жүрген монеталармен қатар пайдаланылады

JETI QAZYNA монеталары заңды төлем құралы саналады және қазір айналымда жүрген монеталармен қатар пайдаланылады.Қазақстанның бірқатар өңірінде «Дала қазынасы» монеталар сериясынан жаңа 100 теңгелік монеталар айналымға енгізілді, деп хабарлайды sputnik.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Дала қазынасы» монеталар сериясынан 100 теңгелік JETI QAZYNA монеталары қазір айналымда жүрген монеталармен қатар пайдаланылады.

Номиналы 100 теңгелік 7 JETI QAZYNA монетасы: «ER JIGIT», «SULÝ ÁIEL», «QUMAI TAZY», «AQYL BILIM», «BEREN MYLTYQ», «JÚIRIK AT», «QYRAN BÚRKIT»  заңды төлем құралы болып саналады және төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдануға міндетті – олармен қызметтер мен тауар сатып алу кезінде есеп айырысуға болады.

 «Монеталардың өлшемі өзгеріссіз сақталды. Сондықтан төлем терминалдары мен басқа да кассалық техниканы қосымша қайта баптау талап етілмейді», – деді Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов.

Егер кәсіпкерлер монетаны қабылдаудан бас тартса, онда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 206-бабына сәйкес ескерту жасалады. Бір жыл ішінде бұл жағдай қайталанса, 5 АЕК-тен (13 890 теңге) 25 АЕК-ке (69 450 теңге) дейін айыппұл көзделген.

Мұндай жағдайға тап болған қазақстандықтар Ұлттық банктің кез келген филиалына шағымдана алады.
 

Сондай-ақ оқыңыз