Түркістан облысында сырттай бітірген мұғалімдер – 80 %

Жарияланды
Білім басқармаларындағы басты мәселелер

Бүгінгі таңда білім саласы жемқорлыққа белшеден батып отыр. Бұл сөзге дәлел ретінде еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мына деректерін келтіре аламыз. Осы жылдың бірінші тоқсанының өзінде білім саласында 106 жемқорлық фактісі тіркелген. Соның ішінде тендерлік жемқорлық кең етек алып отырғаны анықталды. Мәселен Шымкент қалалық Білім басқармасы 1979 келісімшарттың 1935-інде  тауар бағасын негізсіз көтерген. 1000 теңгенің А4 қағазын 4000 теңгеге алғаны туралы дерек анықталды.

Қазір Қазақстанда білім саласына қатысты 20 мыңға жуық ұйым бар. Енді соның бәрін қаржыландыру және қаржылық басқару қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Одан бөлек, білім бөлімдері мен білім басқармаларындағы   лауазымды қызметтерге білім саласына қатысы жоқ адамдарды тағайындау фактілері де жиі кездеседі. Бұл да – өз алдына  «ақшамен шешу» фактісі. Осыдан келе орта білім саласында жемқорлық неге көбейді? Алдын алуға бола ма? Оның жолдары қандай деген сұрақ туындайды. Осы ретте бұл мәселе талқыға салынған отырыстан ақпарат ұсынып отырмыз. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты AdalBilim жобалық офисінің алаңында тікелей эфирде осы және өзге де сұрақтар талқыға түскен еді.

Эфир модераторлығы әдеттегідей, М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджанда болды. Ал спикерлерге келсек, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев, Павлодар облысының білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, ADAL BILIM жобалық офисінің сарапшысы Нұрлан Баймұрзаев тікелей эфирде ойын ортаға салып, пікір білдірді. Білім басқармаларының функциясы сөз болған эфирден үзіндіні назарыңызға ұсынып отырмыз. 

Рахымбек Жолаевтың айтуынша, жиналыстарды қысқарту қажет. «Білім бөлімі басшыларының жиналыстарын азайту туралы ұсынысты министрге айтып хат жолдадым, айтып та жүрміз. Себебі жиналыс көп болғандықтан, негізгі жұмыспен айналысуға кедергі болады. Қазіргі таңда Білім басқармаларының қарамағында кәсіптік-техникалық колледждер, дарынды балаларға арналған және арнаулы интернаттар, түзету орталықтары, балалар үйі бар. Ал жалпы білім беретін орта мектептер тікелей Білім басқармаларына қарамайды, бағынышты емес. Сондықтан бұл саладағы мәселелерді онша біле бермейді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары да солай. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары болса, басқармаға бағынышты. Ал қазір жаңа жүйе енгізіліп жатыр. Яғни соған сәйкес, тікелей жауапкершілік басқармаға жүктеледі. Аудандық білім басшыларын тағайындау білім басқармаларының құзіретіне өтеді. Бұрын аудан әкімдері тағайындайтын. Бұл мәселені шешуге көмектеседі»,– дейді Жолаев. 

 «Рахымбек мырза айтып өткендей, қазіргі жасалып жатқан реформаның жақсы жағы — басқармаға тікелей бағынышты болуы. Сонда басқарма діттеген саясатын жүзеге асыруға тез, ыңғайлы, шапшаң шешімдер қабылдайды. Бірақ екінші жағы –жергілікті жердегі білім беру ұйымдарының жағдайына байланысты. Жалпы білім басқармасында тек білім сапасын көтеру ғана емес, оның жанында материалдық-техникалық базаны нығайту, білім беру ұйымдарының қызмет етуін қамтамасыз ету сынды мәселелер бар. Өз басым осы қызметтегі үш жылдық тәжірибемде көргенім, жергілікті әкімдер ең бірінші көмек, жанашыр болып келді. Ал жаңа жүйе болса, осы үлкен жауапкершілікті мойнынан алып тастайды»,– дейді Дінислам Болатханұлы.

Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысының келтірген мынадай дерегі бар. Облыста сырттай бітірген мұғалімдердің үлесі 80 пайыздан асады екен. «Шымкент қаласында дипломды бәліш сатқандай сатады. Пол жуушы болып жұмысқа кіріп, сырттай оқып, сол мектепке мұғалім болып орналасатындар бар. Сондықтан бірінші кезекте білім бөлімінің, одан соң мектеп директорларының, мұғалімдердің дипломдарын тексеру керек. Бұл әрине менің тікелей құзырыма жатпайды. Органдармен бірігіп тексеру қажет. Бірақ осыдан бастауымыз тиіс деп ойлаймын. Қанша уақыт кететінін, мүмкіндігім жете ме, жоқ па оны білмеймін. Тіпті үстімнен арыз жазылып жатады»,– дейді Рахымбек мырза. 

Жолаевтың тікелей эфирдегі батыл әрі үлкен мәлімдемесі ойландырып тастады. Дегенмен ADAL BILIM жобалық офисінің сарапшысы Нұрлан Баймұрзаев мұндай бастаманың жаңалық емес екенін айтып отыр. «Бұл айтылған әңгіменің бәрін екі-үш жылдан бері естіп келеміз. Басшылар келіп, бірдеңе өзгерткісі келеді. Дегенмен дәл осы қайталана береді. Бір жағынан жалған дипломы барларды анықтаған дұрыс. Бірақ жылдан жылға фамилиялар өзгеріп, қайтадан солай болады. Өз басым Шымкенттің қолға алып жатқан процесі ұнап отыр. Осыны үлгі ретінде алып, министрлікке бекіту туралы айтылып жатыр. Дегенмен бұған техникалық мүмкіндік бар ма, мәселе осында» дейді сарапшы. 
     
            
 

Сондай-ақ оқыңыз