5 қазаннан бастап Қазақстанда қандай шектеулер енгізілмек? Цой карантин шаралары жайлы айтты

Жарияланды
Пандемияның екінші толқыны басталады деп күтілуде

Елімізде 5 қазаннан бастап басқа мемлекеттермен әуе байланысы тоқтатылып, осыған дейін әуе қатынасы қайта жанданған елдерге қатынайтын рейс саны артпайтын болды. Пандемияның екінші толқынынан қауіптенген үкімет осындай шешім қабылдауға мәжбүр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Мұндай ұсынысты министр 30 қыркүйек күні үкімет отырысында жасаған еді. 

Сондай-ақ Түркия республикасына қатынайтын рейстер саны да қысқартылмақ. Министр Цойдың айтуынша, екінші категориялы елдерден ұшып келетін азаматтар үшін – термометрия жасау, анкета толтыру, коронавирусқа тапсырылғанын айғақтайтын анықтама алу (алынған мерзімі 3 тәуліктен аспауы тиіс) сияқты міндеттемелер бекітілетін болды. Жолаушының қолында анықтамасы болмаған жағдайда ол екі тәулік карантиндік стационарда оқшауланады және бойында КВИ белгісінің бар немесе жоқ екені тексеріледі. Тексеріс нәтижесі оң болып шықса онда азамат инфекциялық стационарға жіберіледі. Егер қорытындысы теріс болып шықса тұрғылықты жері бойынша бақылауға алынады. Еуразиялық экономикалық одақ елдері және Өзбекстанмен мемлекеттік шекараны кесіп өткен азаматтарға да осы талаптар қойылады. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаяттың айтуынша, коронавирустің екінші толқынына әзірлік бар. КВИ бойынша амбулаторлық ем алушыларға дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды деді ол брифингте. 

«КВИ бойынша ем алатын азаматтар үшін барлық емханада дәрі-дәрмек бар. Ол дәрілерді учаскелік дәрігер жазып береді. Сондықтан алдын ала дәрі-дәрмек алып дайындалудың қажеті жоқ. Сондай-ақ респираторлық вирустық инфекциямен, пневмонияның бактериалық және вирустық түрімен ауыратын науқастарға дәрі тегін беріледі. Оның ішінде қызуды түсіретін, антибиотик және қабынуға қарсы дәрілер бар»,- деді вице-министр. 

Екінші толқынға байланысты елімізде қатаң карантин орнауы мүмкін бе? Цой бұл сауалға да жауап берді. 

«Біз әрине, осыған дейінгі карантиннен сабақ алып, тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Денсаулық сақтау жүйесін дайындадық. Төсек-орын, дәрі-дәрмек, құрылғылар, бәрі ескерілді. Кесіп айту қиын, дегенмен бәріміз әлеуметтік қашықтықты, бекітілген ережелерді сақтауымыз керек. Қазір құқық қорғау органдары өңірлік департаменттермен бірігіп дайындық жүргізуде. Өкінішке қарай, режимді сақтау деңгейі төмен болғандықтан ереже бұзушылық өте көп. Егер айтылған талаптарды орындасақ бұл жағдайда да жеңіл өтеміз. Ал егер жаппай ереже бұзушылық орын алса онда қатаң карантин енгізуге мәжбүр боламыз»,-деді министр. 

Ведомство басшысының сөзінше, елдегі медициналық мекемелердің барлығы дерлік науқастарды жоспарлы түрде қабылдауға дайын. Екінші толқын бастала қалса министрлік 70 мыңнан астам төсек-орынды орналастырмақ. Қазір оның 51 мыңы жұмыс істеп тұрған стационарларда екен. Халықты дәрі-дәрмекпен қамту үшін 11,4 млрд теңгеге қосымша дәрілік заттар қоры қалыптасқан. Барша өңірлерде жалпы сомасы 13 млрд теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылыпты. 

Сан айғақ: 

    1 млн пациентке тегін дәрі-дәрмек беріледі; 
•    Тұмауға қарсы вакцинаның 2,2 млн дозасы сатып алынған; 
•    Қазірге дейін 1 млн адамға вакцина егілген; 
•    Республикада 2,8 млн адам немесе барлық халықтың 15 пайызы тегін вакцинациялау мүмкіндігіне ие;
•    Инфекциялық және провизорлық стационарларда 3379 өкпені жасанды желдету аппараты бар; 
•    Қосымша 2619 бірлік, оның ішінде 1500 отандық өндіріс аппараты сатып алынбақ; 
•    21 мыңнан астам төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген; 
•    Қазан айының соңына дейін тағы 9 мыңға жуық төсек-орын оттегімен қамтылмақ.

Министр елдегі мектептердің қандай жағдайда түбегейлі қашықтан оқу режиміне көшірілетінін де айтты. 

«Барлық оқушыларды қашықтан оқыту форматына көшіру ел ішіндегі жалпы карантиндік шектеу шараларына байланысты. Қазір бұл мәселе жоспарланып отырған жоқ. Мектеп ішінде жаппай жұқтыру болып жатқан жоқ. Бізде санитарлық дәрігерлер білім мекемелерімен бірігіп жұмыс істеуде. Егер кезекші сыныптағы оқушылардың бірі ауырса, онда барлық оқушылар оқшауланады. Дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Егер мектепте жаппай жұқтыру орын алса онда біз мектепті жабуымыз мүмкін. Егер бұл өңірлік масштабта болса онда сол өңірдегі мектептер жұмысы тоқтайды. Өңірлік масштабтан да шығып кетсе ғана Қазақстан деңгейінде шешім қабылдаймыз. Бірақ әзірге ондай тенденция байқалмайды»,- деді министр. 

Жалпы, елімізде пандемия басталғалы бері 182 медицина қызметкері коронавирустан көз жұмған. 30 қыркүйек күнгі үкімет отырысында ведомство басшысы 12 830 медицина қызметкерінің коронавирус және пневмония дертіне шалдыққанын мәлімдеген болатын. Олардың 8339-ы кәсіби жұмысына байланысты індет жұқтырған. Өңірлік комиссиялар 8320 жағдайды қарап, 67 пайызды растаған. Министрдің сөзінше, қазіргі таңда медқызметкерлердің 88 пайызы ауру жұқтырғаны үшін қаржылай өтемақы алған. 

 

  

 

Сондай-ақ оқыңыз