Жастар жиі жолығатын мәселе. Еңбек өтілін қалай алуға болады?

Жарияланды
Елде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі артқан

Соңғы уақытта статистиканың біршама жақсарғанына қарамастан, жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасы әлі күнге өзекті. Finprom.kz мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың бірінші тоқсанында елде 15-28 жас аралығында жұмыссыздар саны 78,9 мың адамды құраған. Бұл – елдегі жалпы жұмыссыздар санының 18 пайызы. 

Осы ретте жастардың көбі «жұмыс өтілі» проблемасымен бетпе-бет келеді. Яғни, жұмыс беруші еңбек нарығына араласқысы келетін жастан еңбек өтілін талап етеді. Ал оқуды енді тәмамдаған жастар да жұмыс өтілі бола қоймасы белгілі. 

Осы орайда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жастарға көмекке келеді. Бағдарлама аясында қатысушылар: 

  • Мамандық бойынша жұмыс тәжірибесін алу; 
  • Әрі қарай жұмысқа орналасу; 
  • Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігіне ие болады. 

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Оқуын аяқтағаннан кейінгі 3 жыл ішінде жасы 29-ға толмаған жастар. Бағдарлама ұзақтығы – 6 ай. Мұнда жастар ай сайын 69 450 теңге жалақы алады. Осы 6 ай мерзім ішінде қолға тиетін 69 450 теңгеден бөлек салық, міндетті әлеуметтік аударымдар ұсталып, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы есептеліп, банк қызметі де ұсынылады. 

Жастар тәжірибесі уақытша жұмыс орындарын ашу арқылы ұйымдастырылады және мынадай ерекшеліктерге ие: 

    2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес түлектердің оқу бітірген соң 3 жыл ішінде өзінің алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтауына мүмкіндік береді; 

    Бағдарламаға қатысушыларға еңбекақы республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен төленеді. 

    Ұсынылатын жұмыс орындарының саны шектеусіз, ал жұмыс сипаты – уақытша. Сондай-ақ оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындары мен бос орындар пайдаланылмайды.

Бағдарламаға қатысу үшін қандай құжаттар керек?

 

  1. Жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі; 
  2. Еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса); 
  3. Техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат көшірмесі.

Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығы өкілінің айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыс тапқысы келген түлек 6 ай мерзім ішінде өз мамандығына сәйкес кез-келген ұйымға барып практикадан өте алады. Егер осы уақыт ішінде жас маман өзін жақсы қырынан көрсете алса, онда сол мекемеде жұмысқа қалу мүмкіндігі бар. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2019 жылы қараша айында таратқан ақпарына сәйкес, 2019-2021 жылдары жобаға қатысушылар саны 30 мың адамға дейін арттырылмақ. 

Сондай-ақ жобаға egov.kz – «Электронды үкімет» порталы арқылы да тіркелуге болады. Ол үшін өз ЭЦҚ кілтіңіз арқылы порталға кіріп, «Азаматтарға» / «Әлеуметтік қамтамасыз ету» / Жұмыссыздарға, ауыл тұрғындарына және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істейтін, тұлғаларға көмек» бөлімдерін таңдау керек. 

 

 
 

Сондай-ақ оқыңыз