Үй кезегінде тұрғандардың пәтер жалдау ақысының 70-80 пайызын мемлекет төлеп береді

Жарияланды
Әр отбасы мүшесіне шаққандағы табыс 32,6 мың теңгеден аспауы тиіс

Ел үкіметі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша арендалық төлемнің бір бөлігін субсидиялауды жоспарлап отыр. Бұл бастаманы жұзеге асырудың нақты тетігі жыл соңына дейін дайын болады.

Қазіргі кезде Қазақстанда 530 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр. Ендігі жерде  баспанаға мұқтаж азаматтар үшін арендалық пәтер төлемін субсидиялау  қолға алынбақ. Жалға алу құнының 70-80 процентін  мемлекет төлеп беруі мүмкін.  Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов  үкімет отырысында айтып өтіп өтті. 

«Арендалық төлемді субсидиялау тетігі осы жылдың соңына дейін әзірленеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдерде тұрғын үй қорының 30 проценті – арендалық үйлер. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,7%. Қазіргі таңда мұқтаждар кезегінде 530 мың адам тұр», – деді министр. 

Министрдің брифингте айтқандарын негізге ала отырып бірқатар сауалдарға жауап іздеп көрдік

Бұндай көмекті кімдер ала алады?

Баспаға мұқтаж ретінде үй кезегінде тұрған азаматтар

Қойылатын талап қандай? 

1.    Отбасының табысы жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі, яғни 32 668 теңгеден аспауы тиіс. 
2.    Жалға берілетін тұрғын үйдің орташа ауданы 40-80  шаршы мерт  аралығында болуы керек.
3.    Шаршы метрді жалға алу құнын әр аймақ өзі белгілейді. 

Бұндай көмек қанша уақыт көрсетіледі?

Мұқтаж жандар мәртебесін растаған соң, мұндай қолдауға 5 жылға дейін ие бола алады. Жыл сайын баспанаға мұқтаж екенін растап отыруы шарт. 

Қалай жүзеге асады?

Бұл қолдауды жүзеге асырудың нақты механизмі жыл соңына дейін бекітіледі.  Үкімет арнайы қаулы қабылдайды. Министрдің айтуынша, оны жаңадан құрылатын «Отбасы» банкі жүзеге асырады, тізімді де сол банк жасайды. Министрліктің есебі бойынша, алғашқы жылы 100 мыңнан аса отбасы осы мүмкіндікті пайдалана алады. 

«Қазіргі уақытта бұл механизм мемлекеттік органдардың бәрімен талқылануда. 2020 жылдың соңына қарай механизмнің барлық параметрі «Нұрлы жер» бағдарламасымен айқындалады… Бірақ, әлбетте, бұл мәселе мемлекеттік органдармен ғана емес, қоғам өкілдерімен де кеңінен талқыланады», – деп түйіндеді  министр.

Сондай-ақ оқыңыз