Құмарлығына қарсы тұра алмаған әйел мешіттегі гүлді ұрлап кеткен

Жарияланды
Оған қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысының полиция қызметкерлері мешіттегі гүлді ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Талдықорған қаласының тәртіп сақшыларына қалалық мешіттің діни қызметкері хабарласып, ыдысқа отырғызылған гүлді белгісіз біреулердің ұрлап кеткені туралы айтқан.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері қажетті бастапқы тергеу әрекеттерін жүргізіп, бақылау камераларының бейнежазбаларын зерделеген. 

Қаладағы шағын аудандардың бірінде тұратын 43 жастағы күдіктінің мекенжайын жылдам анықтап, ұстады. Күдіктіден тәркіленген гүлдер мешітке қайтарылды. Күдікті әйелдің айтуынша, ол гүлдерді өте қатты жақсы көреді екен. Сондықтан, осы құмарлығына қарсы тұра алмай, ыдысқа отырғызылған гүлдерді ұрлап кеткен. Тексеру барысында әйелдің бұған дейін заңға қайшы әрекеті анықталған жоқ. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
 

Сондай-ақ оқыңыз