Қойшы 2 жылда сеніп тапсырылған мыңнан астам қойды сатып жіберген 

Жарияланды
Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 53 миллион теңгеден асты

Түркістан облысының полицейлері 53 миллион теңге тұратын өзгенің малын сатқан қойшыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Отырар аудандық ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, оның мыңнан астам бас қойының жоғалғаны туралы арызданған. Жәбірленушінің айтуынша бұл қылмысқа, малдарының жоғалуына малын сеніп тапсырған, яғни баққан қойшының қатысы болуы мүмкін. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 53 миллион теңгеден асты. 

Отырар АПБ-нің полицейлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің ізіне шығып, оны Нұр-сұлтан қаласында ұстады. Жедел уәкілдер жасырынған шопанды полиция бөліміне алып жеткізді. Ол өз әрекетін толық мойындады. Тергеу барысында күдікті екі жыл ішінде жәбірленушінің 1060 қойын бөліп сатқаны, ал ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды. Бүгінде тәртіп сақшылары ұрланған 30-ға жуық қойды заңды иесіне қайтарды.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда.
 
 

Сондай-ақ оқыңыз