Қазақстанда заңсыз айналымнан 98,2 мың медициналық препарат алынды

Жарияланды
 Жарты миллионға жуық медициналық маска тәркіленді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздегі эпидемиологиялық ахуал қаралды. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндады.  Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.

 Ішкі істер министрлігі карантиндік және шектеу шараларын сақталуын қамтамасыз ету бойынша денсаулық сақтау органдарына көмек көрсетеді. Бұл шараларға күн сайын 10 мыңға жуық полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері және мыңға жуық ерікті жұмылдырылады. 

Бұдан басқа, полиция қызметкерлері 299 карантиндік объектіні бақылайды. Медициналық мекемелердің сұрауы бойынша аурумен байланыста болған адамдардың мекенжайын анықтау жұмысы жүргізілуде (Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап – 32 461). 

Мониторинг топтарының жұмысы шеңберінде (ағымдағы жылғы 5 шілдеден бастап) 50 мыңнан астам бірлескен рейдтік іс-шаралар (денсаулық сақтау органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен), оның ішінде қызмет көрсету саласындағы объектілер бойынша өткізілді. 28 мыңнан астам карантин бұзушылық анықталып, жолы кесілді.  Оның ішінде 4 600-ден астамы сауда орталықтары, дүкендер мен базарларда, 1,7 мыңы мейрамханалар, дәмханалар және басқа да демалыс орындарында анықталды. Олардың ең көбі Қостанай (5 116), Батыс Қазақстан (2 674), Түркістан (3 532), Шығыс Қазақстан (2 124) облыстарына, сондай-ақ Алматы қаласына (3 876) тиесілі. 

 «Заңсыз айналымнан 98,2 мың қорап медициналық препарат (527 атаулы); жарты миллионға жуық медициналық маска; 41,8 мың дана перчатка мен өзге де медициналық бұйымдар (термометрлер, көзді қорғау құралдары, құю жүйелері); 705 литр антисептик алынды. Оларды жасағаны үшін полицияға 605 адам жеткізілді, оның ішінде 349-ы медицина саласының қызметкері», — деді ішкі істер министрі.

 Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Р. Скляр еліміздің 12 аймағында  әрқайсысы 200 төсек-орындық модульдік инфекциялық ауруханалар  салынып жатқанын айтты. 9 өңірде құрылыс-монтаж жұмыстары ағымдағы аптаның соңына дейін аяқталады. Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында құрылыс-монтаж жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады.

 «Автобус  негізінде жасалған  отандық  жылжымалы медициналық кешені глюкометр, рентген, ЭКГ және ультрадыбыс сияқты қажетті цифрлық жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар  тиісті медициналық аймақтарға бөлінген (тіркеу аймағы, анализ қабылдау аймағы, рентгендік флюорография аймағы)», — деді Р. Скляр. 

Сондай-ақ оқыңыз