Қазақстанда шұжық, ет консервілері, құс еті мен мал өндірісі артты

Өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға өскен

Фото: АШМ баспасөз қызметі

Жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарының іске қосылуы, тірі мал экспортының шектелуі және құс шаруашылығында ет бағытындағы мемлекеттік қолдаудың кеңеюі осы өнімдер өндірісінің артуына ықпал еткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы шикізатын өндіру мен қайта өңдеудің көлемі туралы биылғы 7 айдың деректерін жариялады. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады. 


Қаңтар мен шілде айларында мал мен құстың барлық түрлерінің еті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артық (сойыс салмағында 590 мың тонна), сиыр сүті-3%-ға (3,6 млн тонна) өндірілді. Ал, тауық жұмыртқасының өндірісі 4,9%-ға, яғни, 3,1 млн данаға дейін азайды.


Шұжық өнімдерін өндіру 21,5%-ға (27 358 тоннадан 33 234 тоннаға дейін), қышқыл сүт өнімдері 4,7%-ға (123 300 тоннадан 129 106 тоннаға дейін), сары май  8%-ға (11 158 тоннадан 12 051 тоннаға дейін), ірімшік пен сүзбе 1,9%-ға (17 778 тоннадан 18 120 тоннаға дейін), балмұздақ 1,6%-ға (21 118 тоннадан 21 455 тоннаға дейін), өңделген сүт 0,2%-ға (332 040-тан 332 576 тоннаға дейін), ет консервілері 4,3%-ға (4 298-ден 4 481 тоннаға дейін) ұлғайды.


Айта кету керек, Қазақстанда құс еті 24 құс фабрикасында өндіріледі. Күн сайын олар 800 тоннадан астам өнім шығарады. Жыл соңына дейін 300 мың тоннаға жуық ет береді. 2019-жылы республикада 223 мың тонна құс еті өндірілді. Ал, 2018-жылы бұл көрсеткіш 192 мың тоннаны құраған еді. 

Қазіргі уақытта құс етінің импортына тәуелділікті қысқарту ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі ең маңызды міндеттердің бірі. Байқалып отырғандай, өнім өндірісі артып келеді және импортқа тәуелділік жыл сайын төмендеуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі импортқа тәуелділік мәселесін жақын уақытта түбегейлі шешуді жоспарлап отыр. Сондықтан, ет бағытындағы құс шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдауды арттыруға, оның ішінде жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларының қуатын кеңейтуге және жаңаларын салуға баса назар аударылады.


Импортты алмастыру жөніндегі міндеттерді іске асыру аясында жақын жылдары республикада жалпы қуаты жылына 175 мың тонна өнім өндіретін 12 жаңа құс фабрикасы жұмыс істей бастайды. Биыл 8 құс фабрикасы пайдалануға беріледі. 1-жартыжылдықта «Шымкент құс» ЖШС (Түркістан облысы) және «КазАгрос» БЖК (Қостанай облысы) іске қосылды.


Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі ірі Макинск құс фабрикасы құрылысының барысын өзі барып тексерген болатын. 


Етті құс шаруашылығы ерекше басымдыққа ие болғанына қарамастан, мемлекет жұмыртқа өндірісін қолдауды жалғастырады. Бұған дейін хабарланғандай, коронавирустық пандемияға байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқаға берілетін тауарлық-ерекше субсидияларды сақтап қалды. Негізі оны құс өсірушілермен келісіліп қабылданған АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес биыл 1-қаңтардан бастап алып тастау керек еді.


Жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар өнім. Оның құны көптеген тамақ өнімдері мен өндірістік тауарлардың өзіндік құнына әсер етеді. Сондықтан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндірушілерді қолдауды және бір жұмыртқаны субсидиялау нормативін 3 теңгеден 1,5 теңгеге дейін азайта отырып, «тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялау» бағытын сақтауды ұсынды. Құс өсірушілерді қолдауға және сәйкесінше жұмыртқаның өзіндік құнын арзандатуға Үкімет 5 млрд теңгеден астам қаржы бөледі.

Сондай-ақ, жұмыртқа өндірушілерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы айналым капиталын толықтыру үшін қаржыландырудың жеңілдетілген түрін алу мүмкіндіктері берілді. Дегенмен, биыл жұмыртқа өсімі құс еті өндірісінің өсімімен алмастырылды. Осыған байланысты Қазақстандағы құс фабрикаларының барлығы дерлік жұмыртқа және ет бағыттарымен қатар айналысатынын айта кету керек. Бір бағытта ғана айналысатындар – құс шаруашылығында сирек кездесетін жағдай.


Жыл басында енгізілген тірі мал экспортына тыйым салу саудагерлердің қарсылығын білдіргенмен, жоспарланған нәтижеге қол жеткізілді.  Нақты дәлел мынадай: елімізде мал басы сақталды, өсті, ет және ет өнімдерінің бағасы тұрақтанды, отандық ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі артты, сүт өнімдері, ет, ет консервілері мен шұжық өндірісі артты.


Өндірістің өсуіне мал шаруашылығына жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың артуы да ықпал етті.

Сүт өнімдері импортын алмастыру міндеттері аясында 2020 жылдың 1-жартыжылдығында Қазақстанда жалпы 3 810 бас ірі қара мал басы бар 6 ірі тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы осындай 16 ферманы іске қосу жоспарланып отыр.


Жалпы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда жыл сайын 25 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.


2019 жылы қуаттылығы 40 мың тонна сүтке жететін 8 өнеркәсіптік және 14 отбасылық ферма іске қосылды. Алдыңғы жылдары тек 3 тауарлы сүт фермасы ғана іске қосылған еді.


Айта кету керек, биыл шілде айында Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын мемлекеттік қолдауды едәуір арттырды.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif