Алексей Цой тұмауға қарсы екпе салдырды

Жарияланды
Республика халқының 11,7 пайызын вакцинамен қамту жоспарланған

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой маусымдық тұмауға қарсы екпе салдырды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 
 
Бүгін таңғы сағат 08-де  Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Нұр-Сұлтандағы №6 қалалық емханаға барып, алғашқылардың бірі болып маусымдық тұмауға қарсы вакцина салдырды. 
 
Айта кету керек, 2020 жылы Қазақстанда егу науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтеді, яғни жылдағыдан екі аптаға ерте басталды. 

Бірыңғай дистрибьютор  «Гриппол+» вакцинасының 2 млн. астам дозасын сатып алды. 
 
ДДСҰ мәліметінше, қазіргі эпидемиологиялық маусымда вирустың үш штаммы өзекті болады – A (H1N1) – Guangdong-Maonan, A (H3N2) – Hong Kong және B –Виктория желісіне кіретін Washington, вакцина аталған үш штаммға қарсы тұра алады. 

 
     «Журналистерге сұқбат берген Алексей Цой, жылда күз келгенде ЖРВИ мен тұмау өршитінін айтты. 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда  ЖРВИ ауырған 431 120 адам тіркелді, оның ішінде 2 жарым мыңнан  астам науқас зертханада анықталғаен тұмауға шалдыққан. Биыл халыққа вакцинация өте қажет, өйткені коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да араласып, жағдайды ушықтыруы  мүмкін, мұндайда қазір қол жеткізген тұрақтылықты сақтап қалу қиын болады», – деді ведомство басшысы. 

 
Республика халқының 11,7 пайызын, ал ДДСҰ ұсынысы бойынша кемінде 10 пайызын тұмауға қарсы тегін вакцинамен қамту жоспарланған.
 
Тұмауға қарсы вакцинация тәуекел тобына кіретін мына санаттағы адамдар үшін тегін: мектеп жасына толмаған және мектеп жасындағы балалар; медицина қызметкерлері; жүкті әйелдер (жүктіліктің 2-3 триместрі); жабық  мекемелердегі адамдар (балалар үйі,  мектеп-интернаттар; созылмалы ауруы бар ересектер мен балалар; 60 жастан асқан қарттар.  
 
Алдын алу мақсатында әрбір адам  тұмауға қарсы ақылы егу салдыра алады, ол жеке вакцинация орталықтарында, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органнан рұқсаты бар тұрғылықты жері бойынша емханалардағы егу кабинетінде жүргізіледі. 

Тұмауға қарсы вакцина салатын  медициналық мекемелердің мекен-жайын Денсаулық сақтау басқармасынан, Қоғамдық денсаулық сақтау  аумақтық департаменттерінен білуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз