Шалғай ауылдарға интернеттің қашан жететіні белгілі болды

Бүкіләлемдік желіге қолы жетпей отырған елдімекен көп

Фото: pixabay.com

Қазақстан әлем бойынша интернет қолжетімділігі бойынша онша мақтана алмайды.  Жыл басында мәжіліс депутаты Майра Айсина әрбір оныншы қазақстандықтың интернетке қолы жетпей отырғанын айтып дабыл қаққан болатын. Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің хабарлауынша, қазір қазақстандықтардың 2,7 пайызы интернет пайдалана алмай отыр. 

«Бұл дегеніңіз – 1813 елдімекеннің тұрғындары. Өзгелері ADSL, FTTx, 3G және 4G технологияларымен кең жолақты Интернетке кірумүмкіндігіне ие»,- дейді комитет басшысы Виталий Ярошенко.

Оның айтуынша, дәл қазір жүзеге асырылып жатқан екі үлкен жоба жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Соның бірі – мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы іске асып жатқан ТОБЖ технологиясы. Оның аясында алыс ауылдар кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілмек. 

«Жоба қызметі бойынша, мектептер, ауруханалар мен әкімдіктер үшін мемлекеттің өзі кеңжолақты интернетке кіру қызметін сатып алады. Осылайша, аталған елдімекендерде ТОБЖ желілерінің құрылысы жүргізіледі. Жоба аясында жыл аяғына дейін 1257 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі салынып, 230 ауылға интернет тартылады деп жоспарланып отыр. Жоба 3718 мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарды қамтиды. Ал екінші жоба халық саны 250 адамнан артық ауылдық елдімекендерді қамтиды»,– дейді Ярошенко.

Жобаның сәтті жүзеге асуы үшін жыл басында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен операторлар арасында меморандумға қол қойылып, ұялы байланыс операторлары жыл соңына дейін жобаны аяқтауға және 250-ден астам адам тұратын барлық ауылдарды 3G немесе 4G қызметтерімен қамтамасыз етуге міндеттеме алған. Осы уақытқа дейін 46 ауылға мобилді кең жолақты интернет тартылып үлгеріпті. Тағы 882 ауыл жыл соңына дейін интернетке қосылмақ. Министрлік өкілінің сөзінше, осы жобалар толыққанды аяқталған соң елді «сапалы интернетпен» қамту көрсеткіші 99,3 пайызға бір-ақ жетпек. Сонымен қатар 2023 жылға дейін халық саны 250-ден аз тұратын 243 елдімекенде байланыс желілері салынады. 

Халық саны 250 адамнан аз елдімекендерде интернет болмауының басты себебі – аталған ауылдардың магистралдық желілерден қашықты немесе байланыс қиын жерлерде орналасуында болып отыр. «Ал талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жолында болған елді мекендер, оларда 50 немесе 100 адам тұрса да, олар кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз етілді»,– деді Ярошенко өз сөзінде. 

Алыс ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаржы бөлінбейді. Яғни, жобаны ұялы байланыс операторлары  өз желілерін дербес құра отырып дамытпақ. Техникалық мүмкіндігі төмен, магистралдық желілерден қашықта жатқан ауылдарға интернет жеткізу үшін антеннаны әкелу жеткіліксіз дейді басшылар. Антеннаны бір жерге қосу үшін оған жақсы байланыс арнасы керек. Ал ондай арна қазір тек оптика арқылы ғана мүмкін болады. себебі, радиорелелік желі мен спутниктік желінің жылдамдығы күшті емес. Ал ауылдарға оптика апару өте қымбатқа түседі екен. Соған қарамастан бұл жоба атқарылады дейді министрлік өкілі. 

Ведомство өкілі айтқан ресми статистикаға сенсек, қазір Қазақстандағы 6400 елдімекеннің 85 пайызы интернетпен қамтылған. 

«Расында, 250-ден аз адам тұратын ауылдар бар. Статистика бойынша олардың саны - 855. Ауылдардың осы тізімі бойынша интернет желісін тартуға болатын жерлердің тізбесі бірлесіп пысықталуда. Қазақстан Республикасы аумағы бойынша әлемде 9-орында және халқының саны бойынша 65-орында. Бір шаршы шақырымға 6 адамнан. Бұл ауылдарда жалпы халықтың 1 пайызынан азы тұрады, ал оларға интернет тартуға жұмсалатын шығындар қарапайым қалалар мен ірі елді мекендердегімен бірдей. Сондықтан, бірінші кезекте, «250+» жобасы әзірленді. «250-» сәл кейінірек болады. Қашықтан білім беруге келетін болсақ, бұл мәселелер Қазақстанның білім және ғылым министрлігімен пысықталады. Тіпті кең жолақты интернетке қолжетімді ауылдарда да балалар мектепке барады, қашықтан оқымайды. Әр ауыл бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, белгілі бір шешім қабылданды: мына ауылда оқушылар қашықтан немесе онлайн режимде білім алады. Сондықтан бұл мәселелер қарастырылды»,– дейді шенеунік.  

Төтенше жағдай басталғалы бері елімізде интернетке қосылу жайлы 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, компания өтініштердің басым бөлігін атқаруға кірісіп кеткен және абоненттердің негізгі бөлігі сымды және сымсыз технологиялар бойынша қосылып жатыр. 

«Ауылдық елді мекендер бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) салу жобасы аясында биыл 9 мың шақырымнан астам ТОБЖ тартылды, оған 828 ауылды қосу жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2,5 мыңға жуық мемлекеттік мекеме – жергілікті өзін-өзі басқару органдары, полиция бөлімшелері, ауруханалар мен мектептер жоғары жылдамдықты кеңжолақты интернетке қол жеткізеді. Талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу негізінде еліміздің ұялы операторлары мобильді интернетпен қамту желілерін салады. Жоба барлық облыс орталықтарында қолға алынды, кейбір облыс орталықтарында оны іске асыру аяқталды. Жыл соңына дейін барлық қажетті ауылдар қосылады»,– деді Есекеев.

«Beeline Қазақстан» компаниясының бас атқарушы директоры Евгений Настрадин елдімекендерге интернет тартудағы ұялы байланыс операторларының істі қалай атқаратындары жайлы айтты. 

«Бір базалық станцияны салу үшін мобильді оператор ондаған миллион теңге жұмсайды. Үлкен биіктіктегі шалғай жерде бір станция салу 100 млн.теңгеге дейін шығындалуы мүмкін. Құрылыс мерзімі – 9 айдан 12 айға дейін. Инвестициялардың өтелу мерзімі 8 жылдан 10 жылға дейін өзгереді. Егер шағын елді мекендер туралы айтатын болсақ, онда өтелімділік – 10 жылдан астам, халқы 50-100 адам болатын елді мекендердегі күрделі инвестициялар ешқашан өтелмейді»,– дейді. 


 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif