Мүгедектігі бар адамдарға  9,4 мыңнан астам оңалту техникалық құрал берілді

Жарияланды
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беріледі

Ағымдағы жылдың басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталын (бұдан әрі – портал) іске қосқан сәттен бастап ол арқылы мүгедектігі бар адамдар үшін 9 491 оңалтудың техникалық құралы (бұдан әрі – ОТҚ) берілді. 2 662 тапсырыс жеткізілу сатысында. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сайты хабарлады.

Портал мүгедектігі бар адамдарға ОТҚ өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмектің кепілдік берілген түріне тапсырыс беру электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген ОТҚ-ны жеткізу арқылы алуға немесе өз бетінше алып кетуге болады.

Қазіргі уақытта порталда ОТҚ-ның 55 түрінің 24-і қолжетімді. 2020 жылдың екінші жартыжылдығында мүгедектер үшін портал арқылы жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметтеріне тапсырыс беру, сондай-ақ санаториялық-курорттық емделу ұйымын таңдау мүмкіндігі берілетін болады. ОТҚ-ның қалған түрлері 2021 жылы порталға ауыстырылатын болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбаларды ұсынуды қамтиды.

Естеріңізге сала кетейік, электрондық ресурс мүгедектігі бар адамдарды қажетті қызметтермен және ОТҚ-мен жеткізушіден тікелей қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

Қазіргі уақытта порталда 539 жеткізуші тіркелген, оның 24-і ОТҚ ұсынады. 515 ұйым арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін болады. Министрлік жеткізушілердің санын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін ендіру Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде көзделген.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды 1411 нөмірі бойынша колл-орталықтан алуға болады.
 

Сондай-ақ оқыңыз