Әлеуметтік көмекке мұқтаж 160 бала мектепке қажетті жабдықтар алды

Жарияланды
Бірінші сынып оқушыларына берілді

«Баланы мектепке жинайық» акциясы 2003 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

«Мектепке жол» жобасын жүзеге асыру аясында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 160 балаға кеңсе тауарлары салынған мектеп сөмкелері табыс етілді. Акцияны Біріккен Араб Әмірліктері Елшілігінің қолдауымен, Нұр-Сұлтан қаласының ішкі саясат басқармасымен бірлесіп «Ел тірегі» өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының әйелдер кеңесі ұйымдастырды. Аталмыш шара Сарыарқа ауданының әкімдігінде өтті.

Болашақ бірінші сынып оқушылары мен олардың ата-аналарына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ел тірегі» өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының төрағасы Нұржан Әлтаев, ҚР-дағы БАӘ істері жөніндегі уақытша сенімді өкілі Аммар Әл Брейки мырза, «Ел тірегі» одағы әйелдер кеңесінің төрайымы Ханзада Балтаева құттықтау сөз сөйледі. Спикерлер балалардың оқуда жетістікке жетуі үшін ата-аналардың ерен еңбегін атап өтті, ізгі тілектерін де білдірді.

Болашақ бірінші сынып оқушыларына кеңсе тауарларымен жабдықталған рюкзактар сыйға тартылды. Салтанатты іс-шараға жеке қатыса алмағандарға сөмкелер кейінірек беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, «Баланы мектепке жинайық» акциясын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі 2003 жылдан бастап, жыл сайын 1 қыркүйек қарсаңында өткізеді. Жетім балаларға, аз қамтылған отбасындағы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, толық емес және көп балалы отбасылардан, өрт салдарынан зардап шеккен және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасы балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға, жалғыз басты аналар мен жалғыз басты әкелер тәрбиелеп отырған балаларға жаңа оқу жылына кеңсе тауарлары мен мектеп құралдарын алуға көмектеседі.
 

Сондай-ақ оқыңыз