Ертіс ерекше қорғауға алынбақ

Жарияланды
Экологтар қоршаған ортаны ластайтын зауыт салмауды ұсынды

Павлодар облысының қоғамдық бірлестіктерінің бір топ өкілі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен жүздесіп, өзекті мәселелерді ортаға салды. 

Алдымен, экологтар облыс бойымен өтетін Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беріп, оны қорғауға алу қажеттігін алға тартты. «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюктың айтуынша, бүгінде жасыл белдеу саналатын өзен мақсатсыз пайдалануда.  

Екінші мәселе – қоршаған ортаға қалдық шығаратын зауыттардың құрылысына тыйым салу. 

«Біз зиянды қалдықтар шығаратын жаңа кәсіпорындардың салынбауы үшін шаралар қолдануды сұраймыз. Көп жағдайда аймақтағы өндіріс орындарында ескірген технологиялар қолданылады. Олар да қоршаған ортаға залалын тигізбей қоймайды. Осы уақытқа дейін салынған зауыттардың өзі жетер. Экономикалық тиімділіктен бұрын экологиялық ахуалды ойлайтын кез жеткен сыңайлы», – деді Светлана Могилюк. 

Өз кезегінде Мағзұм Мырзағалиев қоғам белсенділері көтерген әр мәселе назарға алынатынына әрі тиісті шаралардың қолға алынатынына сендірді. 

«Павлодар облысы негізгі ластаушылардың бірі екені жасырын емес. Елімізде ауаға шығарылатын қалдықтардың 30 пайызы дәл осы өңірге тиесілі. Сондықтан экологтар көтеріп отырған мәселелер орынды. Біріншіден, зауыт басшылықтарымен қалдықтардың көлемін азайтатын жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыс істеу керек. Екіншіден, жасыл желекті айтарлықтай көбейту қажет. Үшіншіден, Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беру бастамасын қолдаймыз және осы бағытта жұмыс істейміз», – деп түйіндеді министр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз